Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы 600 орындық жайлы мектептің құрылыс барысында анықталған олқылықтар жайында юұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа жауап ретінде  «Samruk-Kazyna Construction» АҚ (бұдан әрі - Дирекция) «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде қабылданған шаралар мен қолданыстағы бақылау регламенттері туралы хабарлайды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында Дирекция жұмыс сапасын қатаң бақылауда ұстайды. 300, 600 және 900 орындық нысандардағы техникалық қадағалауды жеке компаниялар, ал қуаттылығы 1200 және одан жоғары мектептердегі бақылау «Самұрық-Қазына Девелопмент» ЖШС мамандарымен жүргізіледі.

Қазақстанның батыс өңірлерінде құрылыс компаниялары мен білікті мамандардың тапшылығы сезіледі. Кеңқияқ ауылындағы мектептің техникалық қадағалауын жүргізу үшін конкурстық процедуралар 2023 жылдың 3 қыркүйегінде және 17 қазанында ұйымдастырылды. Алайда, өтініш білдіріп, қатысқан компаниялар болмады. Сондықтан 2024 жылдың 15 сәуірінде техникалық қадағалау процессін жүзеге асыру үшін ерекше тәртіппен «Самұрық-Қазына Девелопмент» ЖШС бекітілді.

Кеңқияқ елді мекеніндегі құрылыс жұмыстары Samruk-Kazyna Construction жұмыс комиссиясы 2024 жылдың 19 қазанында жүргізген жоспарлы кешенді тексерісі барысында анықталған олқылықтар салдарынан уақытша тоқтатылды.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша келесі ақаулар анықталды:

  • А және Б блоктарының құрастырмалы іргетастарында осьтер бойынша 7 және 11 координатасында -3.200 белгісінде жарықтар пайда болған
  • Кірпіш қалауында 0.000, +3.200 және + 6.400 белгілерінде жарықтар байқалған, бұл тірек қабырғалар мен арақабырғаларға әсер етеді
  • Бетон монолитті белбеуінің және тірек табандарының үстіңгі қабатында олқылықтар бар.

Желіде тараған видеода зертханалық сынақтар мен конструкция беріктігін анықтау үшін алынған үлгілердің іздері көрсетілген. Бейнематериал желі қолданушыларын әбігерге салды: видеодағы іздер - біздің техникалық қадағалау мамандарының бастамасымен жүзеге асырылған зертханалық талдаулардың нәтижесі. Сынақ «Samruk-Kazyna Construction» басшылығының тапсырмасымен видео түсірілмес бұрын жасалды.

Техникалық қадағалаудың алдын ала қорытындысына сәйкес, олқылықтар ыстық ауа райында құйылған бетонға жүрдім-барды қарағандықтан туындаған. Өндірістік жұмыс журналындағы жазбаларға сәйкес, бетон конструкциясын құю барысында ауа температура +33°С құраған. Мұндай ауа райының қолайсыздығында мердігер ұйым бетонның беріктігін қамтамасыз ету үшін қосымша шараларды қабылдауы керек еді.

Анықталған ақаулар жайында уақтылы басшылыққа хабрламаған техникалық қадағалау өкілі де аталған жағдайға жауапты. Жақын маңда бетон зауытының болмауына байланысты, қоспа құрылыс алаңындағы кармикс қондырғасында әзірленгені де оның стандарттарға сәйкес келмеуіне әсер еткен көрінеді.

Комиссия бас мердігерге бетонның монолитті белбеуінің беріктігін анықтау мақсатында қосымша зертханалық сынақтарды ұйымдастырып, аккредиттелген тәуелсіз зертхананың құрылыс нысанының техникалық зерттеуі бойынша қорытындысын ұсынуды жүктеді.

Қазіргі таңда бетон беріктігін анықтауға арналған зертханалық сынақтар жүргізілуде, нәтижесі 2024 жылдың 29 қазанында дайын болады деп күтілуде. Тексеріс қорытындысф бойынша тірек элементтерін күшейтіп, ақауларды біржақты ету бойынша шаралар кешені әзірленеді. Шаруаны атқару үшін астаналық тәжірибелі компания таңдалды. Мамандар зертханалық тексеріс аяқталысымен іске кіріседі.

Жалпы 2023 жылы Кеңқияқа мектеп құрылысы басталған уақытта, бетон беріктігін өлшейтін құралдың көрсеткіштері бойынша 1 және 5 блоктың монолитті белбеуінің нормаға сай келмейтіні анықталды. Жұмыс тоқтатылып, мердігер 3 қатар блокты бұзып, шаруаны қайта атқаруға міндеттелді.

Жоғарыда аталған фактілерді ескере отырып, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасына сәйкес анықталған ақаулар бойынша егжей-тегжейлі тексеріс жұмыстарын жүргізетін арнайы тәуелсіз сарапшылар комиссиясы құрылды. Комиссия нысанның ағымдағы техникалық жағдайын анықтап, келесі қадамдар бойынша өз ұсыныстарын беруі тиіс. Сонымен қатар, алғашқы зертханалық сынақтар зерттеуге жіберілгеніне қарамастан, Қазақстан көп бейінді қайта құру және дамыту институты мен өзге де тәуелсіз зертханаларды жұмысқа тарту тапсырылды.

Комиссия сапаны қосымша бақылау мақсатында ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатқан барлық нысандардың техникалық сәйкестігін тексереді. Бұл мердігер, қызмет көрсетушілер мен инженерлік-техникалық құрамды қоса алғанда құрылыс қатысушылары тарапынан кетуі мүмкін олқылықтардың алдын алуды қамтамасыз етеді.

Бүгінде Кеңқияқта ауылындағы құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Инженерлік-техникалық құрам да толығымен ауыстырылды. Дирекция мен мердігер тарапынан бекітілген жоба жетекшілері істің анық-қанығы анықталғанша жұмыстан шеттетілді. Атқарылған жұмыс актілеріне қабылданған жоқ, сәйкесінше төлем жүргізілмеді. Қаражатты жымқыру фактілері анықталмады.

Барлық фото және видеоматериалдар мен қажетті құжаттар e-qurylys жүйесіне жүктелді. Техникалық қадағалау өкілдері күнделікті құрылыс басында жүріп, жұмыс журналын толтырады, ал авторлық қадағалау аптасына 2-3 рет келеді.

Айта кету қажет, ЕРС-шартына сәйкес бас мердігер нысанның құрылыс конструкцияларына 5 жыл, ал техникалық жабдықталуына 3 жыл кепілдік береді. Сұрақ Дирекция басшысы мен Samruk-Kazyna Construction және техникалық қадағалау мамандарының бақылауында.

Сонымен қатар, Қазақстандағы барлық жайлы мектептердегі техникалық және авторлық қадағалау жұмыстарын күшейту бойынша шаралар қабылданды. Ұқсас жағдайлардың алдын алу мақсатында, консорциум құрамындағы мердігер ұйым «Antarium Group» ЖШС салып жатқан нысандар қосымша тексерістен өтетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Antarium Group» ЖШС Дирекцияның  конкурс құжаттамасына қойылатын қатаң талаптарға сай келіп, байқаудан өткен болатын. Компанияда қажетті лицензиялар, құрылыс саласындағы тәжірибе, білікті мамандар, арнайы техника бар әрі жауапкершілікке тартылмаған, салықта төлеу бойынша кестеден қалмаған. Конкурстық процедуралар сыбайлас жемқорлық қатерін болдырмау мақсатында онлайн-платформада өткізілді. Байқау ережелері мен қатысушыларға қойылатын талаптар уәкілетті органдар – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, ҚР Қаржы министрлігі және «Атамекен» ҰКП келісілді.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ және оның серіктестері сапа стандарттарын қатаң ұстанады және кез келген олқылықты жоюға жедел әрекет етеді. Біз ұлттық жоба нысандарын жоғары деңгейдегі қауіпсіздік және жайлылықпен қамтамасыз етуге ниеттіміз. Кеңқияқтағы мектепте анықталған барлық ақаулар біржақты етіліп, құрылыс процестері ғимараттың ұзақ мерзімді беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарға сәйкес келтіріледі.

Төрағасының блогы