Қостанай облысының Заречное елді мекенінде жайлы мектеп қолданысқа тапсырылды. Білім ошағы бір кезекте 900 орынға арналған. Оқу ұясының таспасын қию рәсіміне аймақ басшысының орынбасары Ринат Мұхаметқали қатысты.

Заречное елді мекенінің тұрғындары үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Заманауи оқу ошағының ашылуын ауылдағы ағайын жылдар бойы асыға күткен. Бүгінде дейін оқушылардың жартысына жуығы Қостанай мен Тобыл қалаларына қатынап, білім алған еді. Себебі ауылдағы мектептің сыйымдылығы тек 300 оқушыны құрайды. Жүктемесін арттырғанның өзінде елді мекендегі барлық ұл-қыздарды қамтуға мүмкіндік болмаған.

Оқу жылының екінші тоқсанынан бастап балалар алысқа ат терлетпей, туған ауылдарында оқитын болды. Білім ошағының жабдықталуына ұстаздар, ата-аналар қауымы мен ұл-қыздар жоғары бағасын берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген нысан 3 қабаттан тұрады. Мұнда  оқушылардың заман талабына сай білім алып, ғылым жолында еңбектеніп, шығармашылық қасиеттерді дамытып, спортпен белсенді айналысу үшін барынша жағдай жасалған. Нысан мердігері – жергілікті «ASTI» ЖШС.

Ерекшеліктерден нысанда робототехника, STEM-зертхана, хореографиялық  зал, фото және видеостудия, технология пәні үшін бірнеше шеберхана қарастырылған. Ал спорт залдарының саны екеу: кішісі бастауыш, үлкен орта және жоғары сынып оқушыларына арналған. Мектеп кіреберістері де балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты бөлінген.

Бұл – Қостанай облысында бой көтерген алғашқы жайлы мектеп. Бүгінде аймақта жаңа форматтағы тағы 5 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасының арқасында өңірде бір кезекте жаңадан 4500 оқушы орны ашылмақ.

Төрағасының блогы