Қызылорда облысының білім саласы үшін айтулы оқиға. Жаңақорған ауданында екі бірдей жайлы мектеп қолданысқа енгізілуге толықтай дайын. Қос нысандағы оқу процессі үшінші тоқсаннан бастау алады. 

Білімге бастар жол: Жаңақорған ауылында жайлы мектеп қолданысқа берілді

600 орынға арналған жаңа форматтағы білім ошағы Жаңақорған ауылында бой көтерді. Жайлы мектеп әлеуеті жоғары, халық саны, сәйкесінше балалардың үлесі белсенді артып жатқан «Саяжай» шағын ауданында тұрғызылды. Осыған дейін ұл-қыздар елді мекен орталығына қатынаған болатын. Үшінші тоқсаннан бастап бұл ыңғайсыздықты ұмытуға болады.

Атына заты сай нысанды сапалы әрі қысқа мерзімде «Аман-Құрылыс» серіктестігі тұрғызды. Жер қазу ісі тамыз айында бастап, 15 айдың ішінде шаруаны толық тәмамдаған. Бұл ретте қосымша уақыт пен жұмыс күшін мектепті жылыту және кәріз жүйесімен қамту мәселесі алған. Ауылды елді мекен болғандықтан мердігер ұйым газ қазандығын салып, септик қазған.

Құрылыс компаниясы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерімен бірлесіп мектептің ішкі дизайнына да ерекше көңіл бөлген. Әр сынып қабырғасына тематикалық суреттер салынған. Мәселен, география кабинетінде Шоқан Уәлихановты, қазақ әдебиетінде Абай Құнанбайұлын кездестіруге болады. Ал, тарих сабағына келгенде оқушылар Алашордалықтармен немесе Керей және Жәнібек хандармен бірге отырмақ.

Шексіз мүмкіндіктер мекені: Жаңарық ауылында 300 орындық жайлы мектептің құрылысы аяқталды

Жаңарық ауылының оқушылары үшін жаңа жыл жаңа мектептен басталады. 400-ге жуық ұл-қыз бүгінге дейін ескі ғимаратта білім алып келген. Қаңтарда ұстаздар ұжымы мен балалар заманауи нысанға ауыстырылады. 300 орындық оқу ұясының мердігері – «Алтын айдарлы» ЖШС.

Кең әрі жайлы, екі бірдей спорт залы, үлкен акт және би залы, асханасы бар, коворкинг аймақтармен қамтылған, цифрлық жаңашылдықтармен жарақталған, қабырғаға тақтаның бір емес бірнеше түрі ілінген мектеп оқушыларға шексіз мүмкіндіктер ұсынады. Оқу ұясында робототехникамен айналысып, ғылыми тәжірибелер жүргізіп, спорттың түр-түрімен айналысуға болады. Ән-күй сабағында да балалар енді тек бір аспаппен шектелмейді. Ұзын сөздің қысқасы жайлы мектепте жеткіншектердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба аясында Қызылорда облысында 10 жайлы мектепті жүзеге асыру көзделген. Бүгінде меженің тең жартысы орындалды. Облыс орталығындағы 900 орындық білім ошағында оқу процессі жүргізілуде, тағы төртеуінің құрылысы аяқталды. Ал 5 жайлы мектеп халық игілігіне 2025 жылы тапсырылады.

Төрағасының блогы