Қызылорда облысына қарасты Арал қаласында жайлы мектеп есігін айқара ашты
«Жайлы мектеп» - апаттық, үшауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін қолға алынған ұлттық жоба. Арал қаласында ашылған 300 орындық білім ошағы екі бірдей мектептің жүктемесін азайтып, тынысын кеңейтіп отыр. Аудан орталығындағы жобалық қуаты 720 оқушыны құрайтын №62 және 500 орынға шақталған №220 орта мектептерде жалпы саны 2600-ден аса бала білім алып келген. Қаңтар айында ұл-қыздардың 500-ге жуығы бой көтерген жайлы мектепке ауысады.
Нысан құрылысын жергілікті «Бақ-Береке 2030» серіктестігі жүргізді. Мектеп учаскесі 2 гектарды құрайды. Мұнда футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты мен оқушыларды жас ерекшелігіне байланысты бейімделген балалар алаңқайы орын тепкен. Одан бөлек аулада тынығуға арналған аймақтар да қарастырылған. Жайлылық мәселесіне білім ошағының өзінде де барынша көңіл бөлінген. Оқу ұясында пәндік кабинеттер, зертханалар мен 2 спорт зал, хореографиялық зал бар. Бастысы – барлығы толығымен заман талабына сай жабдықталған. Цифрлық жаңашылдықтар ұл-қыздарға робототехникамен айналысып, жаратылыстану бағытындағы сабақтардан меңгерген білімін STEM-зертханада өзара тоғыстыруға мүмкіндік береді. Ал миды тынықтырып, сергіп алу үшін мектептің әр блогы коворкинг аймақтармен қамтылған.
Үшінші тоқсаннан білім ошағында үйірмелер мен спорттық секциялардың түр-түрі жұмысын бастайды. Бұл оқушылардың бір ғимараттан шықпай-ақ, әрі білім нәрін сусындап, әрі шығармашылығын дамытып, спортпен шұғылдануына сеп болмақ.