Ескі білім ошағының орнына – жаңа мектеп: Қызылорда қаласында жайлы мектеп қолданысқа енгізілді
КБИ шағын ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді: жаңа тұрғын үй кешендері, әлеуметтік және коммерциялық нысандар қаз-қатар бой көтеруде. Алайда бұл үрдістен халықты мазалаған мектеп мәселесі ғана шет қалып келді. Бүгін тұрғындардың сұранысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қанағаттандырылды.
№197 орта мектеп білім беру мақсатында емес, жатақхана ретінде салынған ескі ғимаратта орналасқан. Нысан 1980 жылдары бой көтеріп, КБИ ықшам ауданында оқу ұясы болмағандықтан, 1995-ші жылы мектепке ауыстырылған. Бір кезекте 400 оқушыға арналса, мұнда 950-ден астам бала білім алып келген. Уақыт өте келе ғимаратқа қосалқы нысандар тұрғызылыпты, осылайша ұл-қыздарға спортзал қолжетімді болған.
Десе де жатақхана ретінде салынған нысан балалардың қажеттіліктерін толық қанағаттандырмаған. Сондықтан, №197 мектеп ғимаратын сүріп, орнына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында 600 орынға арналған білім ошағын тұрғызу туралы шешім қабылданды.
Жайлы мектепті жергілікті «Сәт-Сервис» компаниясы тұрғызды. Нысан аумағы 8,8 мың шаршы метрден асады. Бұл тек білім ордасы ғана емес, заманауи технологиялар шоғырланған инновациялық орталық ретінде қызмет етпек.
Жаңа мектептің ерекшелігі:
- Кең әрі жарық сыныптар;
- Оқушылардың еркін қозғалуына арналған кең дәліздер;
- Балалардың жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар;
- Оқушылар мен ұстаздарға арналған коворкинг-аймақтар;
- Робототехника кабинеті
- Жаратылыстану ғылымдарын терең оқуға арналған заманауи зертхналар
- Толық жабдықталған спорт және хореография залы
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім беру қажеттіліктерін ғана емес, сонымен қатар балалардың таланттарын дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады. Жаңа мектепте оқу процесі үшінші тоқсаннан басталады.