Жаңақорғандағы жайлы мектептің ашылу салтанаты өтті
3 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Саяжай» шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 600 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл білім ордасының құрылысы өткен жылдың соңында аяқталған болатын.
Салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, сала басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер мен зиялы қауым мүшелері қатысты.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Біз ұрпақ білімін арттыруға, қоғамда ұстаз беделін көтеруге әркез мүдделіміз. Тұрақты қолдаудың арқасында өңіріміздің білім саласы табысқа жетті. Сәулеті жаңарған мектептер бой көтерді», – деп атап өтті әкімнің баспасөз қызметі.
Ұлттық жоба аясында Қызылорда облысында бір ауысымда 6 900 оқушыға арналған 10 мектептің құрылысы басталған. Оның бесеуі бүгінде пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы 5 заманауи мектептің құрылысы аяқталып, өңірдегі білім беру инфрақұрылымы айтарлықтай жақсармақ.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі