«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи білім беру ортасын құруға бағытталған. Samruk-Kazyna Construction ұлттық жобаның бірыңғай операторы ретінде жайлы мектептердің тұжырымдамасы мен стандарттарын әзірлеу барысында жоғары жылдамдықтағы интернетті қолжетімді етуді - негізгі міндет ретінде белгіледі. Бұл Мемлекет басшысының білім берудегі цифрлық технологияларды дамыту бастамасымен үндесіп, оқу үдерісіне заманауи білім беру платформаларын енгізуге мүмкіндік береді. Аталған міндетті іске асырумен «Қазақтелеком» АҚ айналысуда. Компания еліміздің барлық аймақтарында, соның ішінде ең шалғай өңірлерде де мектептерді желіге қосу үшін алдыңғы қатарлы технологиялық шешімдерді қолдануда.

Жайлы мектептерде тұрақты әрі жылдам интернет байланысын қамтамасыз ету үшін GPON (Gigabit Passive Optical Network) технологиясы – пассивті оптикалық желілердің заманауи жүйесі қолданылады. Бұл технология деректерді 1 Гбит/с-қа дейінгі жылдамдықпен жоғалтпай жеткізуге мүмкіндік береді. GPON технологиясының басты артықшылықтары – жоғары өткізу қабілеті, бір оптикалық желі арқылы көптеген пайдаланушыны қосу мүмкіндігі және желі жүктемесі жоғары болған жағдайда да тұрақты байланыстың болуы.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектептің құрылысы жоспарланған, олардың 105-нің 2024 жылы құрылысы аяқталды. Бұл мектептердің 75%-ы бүгінде ОТБЖ (оптикалық-талшықты байланыс желілері) қамтылған. Биыл тағы 112 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық оқушылардың цифрлық білім көздеріне еркін әрі кең көлемде қол жеткізуіне жол ашады.

Ұлттық жоба аясында 240 шақырымнан астам ОТБЖ тартылды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда, ал 2025 жылы қалған мектептерді қосу үшін жаңа желілерді тарту жұмыстары жалғаспақ.

Дегенмен, мұндай ірі көлемдегі жобаны жүзеге асыру, әсіресе шалғай ауылдық аймақтарда, бірқатар қиындықтарға тап болады. Негізгі кедергілер – ОТБЖ жүргізуге арналған күрделі маршруттарға байланысты географиялық ерекшеліктер мен инфрақұрылым құрылысына қажетті жер телімдерін рәсімдеуге қатысты әкімшілік мәселелер. Бұл кедергілерді еңсеру үшін «Қазақтелеком» АҚ жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, туындаған мәселелерді жедел шешіп, әр мектеп үшін ең оңтайлы техникалық шешімдерді таңдауда. Бұл шаралардың барлығы оқушыларға заманауи технологияларды пайдалана отырып, қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуға жағдай жасауға бағытталған.

«Қазақтелеком» ұлттық жобаны іске асыруға белсенді қатысып, жайлы мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуде. Біз GPON сияқты заманауи технологиялық шешімдерді қолданып, жоғары жылдамдық пен сенімді байланысты кепілдендіреміз. Тіпті ең шалғай өңірлерде де тиімді қосылу жолдарын табамыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Желі» дивизионының Бас техникалық директоры – Бас директоры Самат Туғанбаев.

Ал «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Корпоративтік бизнес дивизионының Бас директоры, Басқарма мүшесі Әлібек Индыкбаев компанияның білім беру саласындағы цифрландыру деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ ол «Қазақтелеком» АҚ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептерге интернет арқылы басқарылатын бейнебақылау жүйесісияқты заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытында тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жобалардың табысты жүзеге асуы – команданың келісімді еңбегі мен құрылыс компаниялары және Samruk-Kazyna Construction арасындағы тиімді серіктестіктің жемісі.

Осылайша, жайлы мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетке қосу – Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі. GPON сынды озық технологияларды қолдану, түрлі цифрлық сервистерді енгізу, толыққанды цифрлық инфрақұрылым құру – мұның бәрі мыңдаған оқушы үшін білім алуды қолжетімді, қауіпсіз әрі тиімді етеді. Алайда бұл бастамалардың табысты жүзеге асуы тек технологиялық шешімдермен шектелмейді – мектептерді жобалау мен жабдықтауға жүйелі көзқарас та аса маңызды. Бұл бағытты Samruk-Kazyna Construction қамтамасыз етіп отыр. Жобалау кезеңінде болашақтың талаптарына бейімделген, білім алуға арналған ғана емес, зияткерлік орталық ретінде жұмыс істейтін жаңа мектептерге арналған цифрлық орта стандарттары бекітіледі.

Төрағасының блогы