Мұндағы мақсат – Аягөз қаласында салынып жатқан 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысын тексеру және өңір басшысымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылау.

Аягөз қаласындағы «Ет комбинаты» шағын ауданында 600 балаға арналған «Жайлы мектеп» құрылысы жүріп жатыр. Мердігер – жергілікті «СРБ-L» компаниясы. Олар нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсырып, білім ошағын оқушыларға пайдалануға беруі тиіс.

Мектеп аумағын ағынды және жер асты суларынан қорғау мәселесі өзекті тұрған. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігімен бірлесе жұмыс істеп, ең оңтайлы шешім қарастырылады. Сондай-ақ, Басқарма төрағасы аудан басшысы Данияр Шәкәрімовпен абаттандыру мен көлік тұрағын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Өзара түсіністік бар.

«Жайлы мектептің» ішкі дизайны ұлттық жоба талаптарына сай болуы тиіс. Өз бетінше өзгерістер енгізуге болмайтынын қатаң ескерттім. Осыған байланысты мердігерге Астана мен Алматы қалаларында салынып, пайдалануға берілген ұқсас мектептерге барып, оларды өз көзімен көру тапсырылды.

Кіші сынып оқушылары мектепке бөлек кіреберіс арқылы кіруі керек. Сондай-ақ, ойын және спорт алаңдарын тиісті деңгейде жабдықтау маңызды.

Спорт және жиын залдарының әрлеу мәселесін орталық аппарат мамандарымен бірлесе шешу жөнінде тапсырма берілді.

Бұл аймақта желдің екпіні жиі күшейеді. Сондықтан сыртқы шағын архитектуралық формаларды орнату және жылыту қазандығын орналастыру кезінде климаттық ерекшеліктерді ескеру қажет. Екпінді жел көтеріп, ұшырып әкетпес үшін кіреберіс шатырын берік етіп бекіту қажет.

Мектептің айналасында негізінен жер үйлер орналасқан. Бұл жағдайды ескере отырып, мектепке келетін жолдардың қолайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету керек.

Мектеп директорының кабинеті мен қабылдау бөлмесі әйнек қабырғамен бөлінуі тиіс. Ата-аналар мектеп басшысының кабинетіне СКУД арқылы емес, дәлізден тікелей кіріп-шыға алатындай жасалуы қажет.

Барлық өзекті мәселелерге соңғы нүкте қою үшін 7 сәуірде барлық жауапты тұлғалар Астанаға келеді. Оған дейін барлық сұрақтарды бірлескен жұмыс тобы жұмыс тәртібінде шешіп отырады.

Аягөз қаласының халқы 40 мыңнан асады. Ұлттық жоба аясында қала балалары заманауи, сапалы және барлық стандарттарға сай келетін оқу орнында білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Төрағасының блогы