Атауына сай мектеп
Мемлекет басшысы бастамашы болған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 21 мектеп бой көтереді. Ұлттық жоба шеңберінде салынған 2700 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді. Келесі оқу жылына дейін тағы бесеуі есігін айқара ашады. Білім берумен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына бар жағдай жасалған осындай білім ошақтарының екеуі облыс орталығынан орын тепкен.
БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры аясында облыс орталығындағы осы мектептер жайымен таныстық. Қаланың сол жағалау бөлігінде 900 балаға арналып ашылған №290 орта мектепте қазір 1000-нан аса оқушы білім алып жүр.
Балалардың қауіпсіздігі үшін бейнекамерамен жабдықталып, турникет қойылған мектепте бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үш блокта білім алады. Физика, химия, биология, роботтехника кабинеттері баланы ерте бастан ғылымға баулу үшін соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталыпты. Олардың мектепте жүріп-ақ, белгілі бір кәсіп түрін меңгеруіне тігін, дизайн, технология кабинеттеріндегі құрал-жабдықтар да үлкен септігін тигізеді.
«Жайлы мектептің негізгі мақсаты сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру арқылы ізгіліктің ордасына айналу десек қателесе қоймаспыз. Балалардың мектепке қуанып кіргенін көрудің өзі бір бақыт қой. Біз шәкірттерімізді ғылымға баулумен қатар, олардың кәсіби бағдар алуына да мән береміз. Таңертең оқып, түстен кейін түрлі үйірмелерден қалмайтын оқушыларымыздың талабы қуантады. 3D модельдеу, «AutoCAD» бағытындағы жобалар жасап жүрген балаларымыз да бар», дейді мектеп директоры Мөлдір Смаханова.
Әр қабаттағы коворкинг алаңдары балалардың шығармашылықпен айналысып, ақыл-ойын ұштаудың үлкен мүмкіндігі. Біз барғанда олардың бірі бестас ойнап, кейбірі сурет салып жатты. Осы алаңдарда ұлттық ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылады.
Инклюзивті білім алатын шәкірттер үшін де бар жағдай жасалған. Әр блоктың спорт залдарындағы құрылғыларды жылжытып қоюға болады.
«Бейнелеу өнері» бөлмесіндегі балалар жасаған мүсін көздің жауын алады. Дәурен Жүсіпбаев жетекшілік ететін үйірме оқушылары ұлттық нақыштағы шахмат тастарын әзірлеп жатыр екен. Осында өтетін графика және жобалау сабағында оқушылар 3D модельдеуге бейімделеді. Жуырда оқушылар өздері жобалап, осындағы құрылғылар көмегімен жасаған бұйымдарын жәрмеңкеге қойып, одан түскен қаржыны жағдайы төмен отбасылар қажетіне жұмсапты.
«Тамақтану мәдениеті» кабинеті оқушы қыздардың келешегіне жарайтын тәлім береді. Осында мектептегі «Әжелер мектебінің» мүшелері шәкірттерді ұлттық тағамдарды дайындауға баулып жүр.
Жыл басында ұлттық жоба аясында КБИ шағын ауданынан тағы бір мектеп пайдалануға берілді. Қазір 600 оқушыға арналған білім ошағында 1051 бала білім алып жатыр. Бұрынғы №197 мектептің орнына жаңа нысан бой көтергенде, осы аудан тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ.
«Жаңа ғимарат оқушылармен қатар ұстаздарға да тәжірибесін байытатын іс-шаралар өткізіп, білімі мен білігін толық танытуға мүмкіндік беріп отыр. Осында көшіп келгелі 138 орындық мәжіліс залында шәкірттеріміз де білім мен тәрбиеге қатысты түрлі кештер ұйымдастырып, ерекше құлшынып жүр. Олар енді бұрынғыдай үйірме іздеп, алысқа сабылмайды. Мектептегі спорт, қолөнер, сурет, домбыра, би үйірмелерінің біріне барады. Кітапхана қоры да бай. Химия, физика, биология кабинеттері жоғары деңгейде жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балалармен бөлек блоктағы кабинеттерде дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік-педагог мамандар жұмыс істейді», деді мектеп директоры Еркін Ақшалов.