Жайлы мектептердің құрылысына жарияланған кезекті конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі 5 жұмыс күніне ұзартылды. Әлеетті мердігерлер барлық құжаттарды 26 маусымға дейін тапсыруы керек. Мұндай шешім ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша кеңес отырысында қабылданды. Жиынға Samruk-Kazyna Construction басшылығынан бөлек «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен отандық Құрылысшылар одағының өкілдері қатысты.

Байқауға қатысушы компанияларға қойылатын біліктілік талаптары да жеңілдетілмек. Мысалы, лицензияның 1 санаты бойынша әлеуетті мердігерлерге жыл сайын 1% шартты жеңілдік беру үшін төленген салықтың ең төменгі сомасының шегі соңғы 5 жылда жыл сайын 500 млн теңгеден 300 млн теңгеге дейін төмендетілді.

Тағы бір өзгеріс: енді конкурстық құжаттаманы тапсырғанда, атап айтқанда материалдық және еңбек ресурстары мен лицензияларды растау кезінде, құрылыс компаниялары алдын ала шарттарды, ниет шарттарын, келісімдер мен меморандумдарды да ұсына алады. Бұған дейін тек қолданыстағы келісімшарттар қабылданатын.

Аталған өзгерістер әлеуетті мердігерлерден түскен ұсыныстар мен шағымдардың негізінде енгізілді. Жаңа шарттар конкурсқа қатысушылардың санын көбейтіп, адал бәсекелестікке жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Қаперге салайық, бұған дейін 62 жайлы мектептің құрылысына конкурс жарияланды. Өтінімдерді қабылдау 9 маусымда басталды.

Төрағасының блогы