Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар әрбір нысанда құрылыс жұмыстары кезінде техникалық қадағалау жүргізіледі. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл құрылыс сапасын бақылау. Ол қалай жүзеге асырылады және қаншалықты маңызды - толығырақ осы материалда.

Техникалық қадағалау деген не және ол не үшін қажет?

 

Бұл жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде құрылысты қадағалау. Нақтырақ, сапа, мерзімдер, шығындар, орындалған жұмыстарды қабылдау және дайын нысанды пайдалануға беру үрдісін бақылайды.

Техникалық қадағалау құрылыс кезінде нормативтік мерзімдердің сақталуын ғана емес, сондай-ақ барлық рұқсат қағаздарының болуын тексереді, жобаны жасанды қымбаттауға жол бермейді және құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды.

Техникалық қадағалау нені қамтамасыз етеді?

 

- жұмыстардың құрылыс стандарттары мен нормаларына сәйкестігін;

- белгіленген мерзімдердің сақталуын;

- дайындық және құрылыс жұмыстарының көлемі мен сапасын бақылайды;

- қолданылатын конструкциялардың, материалдардың, бұйымдар мен жабдықтардың сапасын бақылайды;

- барлық құжаттарды, оның ішінде құрылыс материалдары бойынша сапа сертификаттарының болуын тексереді;

- қажет болған жағдайда үлгілерге зертханалық сынақтар жүргізеді;

- бақылау мен диагностика жүргізеді;

- тапсырыс беруші алдында ұдайы есеп береді.

Техникалық қадағалауды кім жүзеге асырады?

 

Техникалық қадағалауды тапсырыс беруші өзі жүзеге асыра алады. Ондай мүмкіндік болмаса, сарапшыларды немесе аккредиттелген компанияларды жалдайды. Болашақ нысанның тапсырыс берушісі техникалық қадағалауды жүргізетін компанияны/ маманды тендер, я болмаса тікелей шарт жасасу арқылы айқындайды. Қызметтердің құнын нарық реттейді.

Тапсырыс беруші мен компания/маман арасындағы шартқа қол қойылғаннан кейін техникалық қадағалау сарапшысы жұмысқа кірісіп, бақылауды жүзеге асырады.

Техникалық қадағалау сарапшысы нақты нені тексереді?

 

Сапаны бақылау кезінде техникалық қадағалау сарапшысы құрылыс нормалары мен технологияларының сақталуына ерекше назар аударады. Одан бөлек кәріз жүйесі, электр, су және жылумен жабдықтау, желдету және өзге де инженерлік желілерді тексереді. Сонымен қатар, ғимараттағы барлық технологиялық жабдықтардың сапалы әрі дұрыс. орнатылуын қадағалайды. Мұның бәрі нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына толық сәйкес келуі тиіс.

Техникалық қадағалау сарапшысының міндеттері қандай?

 

Сарапшы техникалық қадағалау журналын жүргізуге міндетті. Ол ақаулар мен бұзылуларды анықтап, олардың жойылуын бақылайды және тіркейді. Жобаның іске асырылу барысы туралы тапсырыс беруші мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының алдында ай сайын есеп береді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды әзірлеп, нысанның дайындығын растайды. Ғимаратты қабылдау үрдісіне қатысады.

Техникалық қадағалау маманы мердігермен қатар дайын нысанның құрылыс нормалары мен жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігі үшін тікелей жауап береді.

Техникалық қадағалау құрылыс саласында жоғары сұранысқа ие қызметтердің бірі. Ол құрылыстың барлық кезеңдерінде қабылданатын іс-қимылдардың таптырмас бөлігі саналады.

Төрағасының блогы