«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында биыл өңірде жаңа форматтағы 14 білім беру нысанының құрылысы басталады. Олар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Samruk-Kazyna Construction» Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында құрылысқа дайындық барысымен танысты.

Ақтөбе қаласының Батыс-2 тұрғын алабында биыл 900 орындық жайлы мектептің құрылысы басталады. Нысанның мердігері әлі анықталған жоқ, өйткені конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Нәтижесі тамыз айының басында белгілі болады. Құрылыс алаңын аралаған Айманбетов жер учаскесінің тар екенін атап өтті. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері учаскені аумағы 2,07 га болатын жақын маңдағы басқа жер теліміне ауыстыру жоспарланғанын айтты. Алдағы күндері мәселе жер комиссиясының отырысында қаралып, шешім шығарылады. Кейін бірден учаскені рәсімдеу басталады.

Есет-батыр тұрғын алабында 2000 оқушыға арналған мектеп салу көзделген. Ол 2024 жылдың соңына дейін есігін айқара ашады. Мердігерлік ұйым жақын арада анықталады. Заманауи мектеп салынатын жер учаскесінде жасыл желек өсіп тұр. Қалалық әкімдік оларды алып тастап, өтеме ретінде басқа аумаққа тал егуге қосымша қаражат бөледі. 1 кесілген ағаштың орнына 10 жаңа ағаш отырғызылады.

Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында 600 орындық жайлы мектеп салынады. Құрылыс алаңында Мәулен Айманбетовті аудан әкімі Саламат Аманбаев қарсы алды. Олар учаскенің аумағындағы тозығы жеткен ғимаратты бұзу мәселесін талқылады.

Аудан басшысы апатты нысанды қалдырып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өзге мақсаттарда пайдалануды ұсынды. Алайда, Басқарма Төрағасы бұған келіспеді. Ол жайлы мектепке төрт жақтан емін-еркін кіре алатындай жағдай жасау қажеттігін еске салып, тозығы жеткен ғимараттың бұған кедергі келтіретінін әрі жаңа оқу орнының заманауи келбетімен үйлеспейтінін атап өтті. Нәтижесінде әкім жақын арада 1938 жылы салынған нысанды бұзу жұмыстарын ұйымдастыруға уәде берді.

Жұмыс сапары барысында «Samruk-Kazyna Construction» Басқарма Төрағасы облыс әкімі Ералы Тоғжановпен жеке әңгімелесті. Әкім өңірде ұлттық жобаны іске асыру барысында туындаған мәселелерді шешу барысында қодан келгенше көмектесетінін айтты.

Мысалы, Шалқар ауданы Бозой ауылында 300 орындық жайлы мектептің мердігерін анықтау мүмкін болмай тұр. Жоспар бойынша білім ошағы келесі жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі керек. Алайда, ауыл Ақтөбеден 600 шақырым жерде орналасқандықтан, екі конкурсқа да бірде-бір компания қатыспаған. Сондықтан қазір ауылдың орналасқан жері мен логистикасын ескере отырып, мектеп жобасын жаңадан әзірлеу мәселесі қарастырылуда. Бұл дегеніміз, бұл нысан басқа мектептерге қарағанда сіәл қымбатқа түседі. Басқарма Төрағасы мен өңір әкімі мәселені талқылады. Жақын арада тиісті шешім шығарылады, өйткені ауылға жаңа мектеп қажет.

«Жайлы мектеп»  ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында барлығы 18 орта білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. 14 жайлы мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, қалған 4 мектеп 2025 жылдың соңына дейін есігін айқара ашады. Ұлттық жобанының арқасына бүкіл облыс бойынша 14,9 мың қосымша оқушы орны ашылады. Оның ішінде 11,4 мың орын 2024 жылдың соңына дейін құрылады.

 

Төрағасының блогы