«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» атты Астана қаласындағы білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы республикалық Тамыз кеңесінде баяндама жасады.

Оның айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде 2024 жылдың соңына дейін алғашқы 208 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Оның 86-сы (300 оқушыға арналған 39 мектеп және 600 орындық 47 мектеп) келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін ашылады деп жоспарлануда. Сыйымдылығы 900-2500 орындық қалған 122 жайлы мектеп 2024 жылдың соңына дейін тапсырылады. Айманбетов бұл мектептер бекітілген мерзімнен бұрын салынуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл туралы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, нақты жұмыс кестесі бекітілген соң қосымша хабарланады.

«Бүгінгі таңда 194 мектептің мердігері анықталды. Оның ішінде 182 нысан бойынша ЕРС-келісімшарттарға қол қойылды, 12 мектеп бойынша конкурстық рәсімдердің нәтижелеріне шағым түсіп, қазір қарастырылу үстінде. 4 білім беру нысаны бойынша тамыздың 30-ына дейін бір көзден шарт жасалады. 10 мектепке қайта конкурс жарияланды: 2 мектеп бойынша мердігерлер қыркүйектің 10-ына дейін анықталса, қалған 8-і бойынша қыркүйектің 30-ына дейін конкурстық рәсімдердің нәтижелері шығарылады» - деді «Samruk-Kazyna Construction» басшысы.

Сөзінше, жобалау процесі қарқынды жүріп жатыр. Көлемдік-жоспарлау шешімдері «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен келісіліп, барлық өңірлерге жіберілді. Үш сейсмикалық және екі климаттық аймақ бойынша 31 типтік және 6 дербес жоба әзірлену үстінде. Дайын жобаларды болашақта басқа мектептердің құрылысында да пайдалануға болады.

Қазір мердігерлер жер учаскелерін құрылысқа дайындау үстінде. Атап айтқанда, аумақты қоршау мен бейнебақылау камераларын орнату, қолданыстағы желілерді шығару, топографиялық түсірілім мен геологиялық зерттеу, сынамалы қадаларды қағу (забивка пробных свай), іргетастың шұңқырын қазу және тағы да басқа жұмыстар атқарылып жатыр.

«Мектептерді уақытылы салып үлгермейсіңдер деп күмән келтіріп жатқандар бар. Айтайын дегенім, егер жобалық-сметалық құжат сапалы әзірленсе, 2-3 қабатты ғимаратты салу техникалық тұрғыда қиын емес. Ал жоба сапасыз болса, жұмыс барысында түзетулер енгізіліп, құрылыс ұзаққа созылады. Осыны ескере отырып, біз мектептерді жобалауға баса мән беріп жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама толық, егжей-тегжейлі және барлық жағынан ойластырылған болуы керек. Жеке өзім жобалаушы мамандармен күн сайын жиналыс өткізіп, процесті үздіксіз қадағалап отырмын», - деді Айманбетов.

Төрағаның айтуынша, ұлттық жоба аясындағы 369 жайлы мектептің 163-і ауылдарда салынады. Процентпен айтсақ, 44%-ы.  206 білім ошағы, яғни 56%-ы қалаларда бой көтермек.

«Барлық 369 мектептің сырты да, ішкі жабдықталуы да бірдей болады. Қаладағы жайлы мектептер ауылдағылардан мүлде ерекшеленбейді. Осылайша, білім беру сапасындағы алшақтық әжептәуір қысқарады», - деп атап өтті баяндамасында.

Жаңа және заманауи жайлы мектептер балаларды, жастар мен ересектерді өзіне тартатын орталыққа айналады деп күтілуде. Жайлы мектептердің ғимараттары стандартты жалпы білім беретін мектептерге қарағанда 15-20%-ға кеңірек болады. Техникалық жарақтандыру үлесі, яғни компьютер, интерактивті тақта және басқа да құрылғылардың санын 4 есе арттырамыз.Пәндік кабинеттер мен спорт залдары да көбірек болады. Мысалы, егер қарапайым мектептердің көпшілігінде тек 1 спорт залы болса, жайлы мектептерде сыйымдылығына қарай 3-4 спортзалдан болады.

Жайлы мектептерге заманауи әрі ең озық бейнебақылау камералары, кіріп-шығуды қадағалау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ террористік немесе өзге де қауіп төнген жағдайда есіктерді автоматты түрде құлыптау жүйесімен де қамтамасыз етілмек.

Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ пилоттық ұлттық жоба аясындағы жайлы мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция болып табылады. Жоба елдегі мектеп тапшылығы мен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған әрі апатты мектептердің санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы