6 қыркүйекте Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бастаған бір топ депутат елордада салынып жатқан бірқатар жайлы мектептің құрылыс алаңдарына барды.

Халық қалаулылары А-104 және А-102 көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Ш.Қалдаяқов пен А-30 көшелерінің қиылысында салынып жатқан оқу орындарының құрылыс барысымен танысты. Екі нысан да 2000 балаға шақталған (екі ауысымда 4000 бала) және бас қаланың оқушы орындары тапшы аудандарында орналаспақ. Қос мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Амангелді Саттаров депутаттарға мектептерді жобалау мәртебесі және жаңа оқу орындарының ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Ал кеше Астана мәслихатындағы әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында қызу пікірталас болды.  Баяндама жасаған Амангелді Саттаров тез арада шешуді талап ететін проблемалық мәселелерге жеке тоқталды. Мысалы, Астанада ғимараттар тығыз салынғандықтан, оқу орындарының құрылысына бөлінген кейбір учаскелер өте тар. Елорда әкімдігі көрші аумақтарды қосу процесін жеделдетуі қажет. Бұл балаларға қолайлы жағдай жасап, мектептерге төрт жағынан да еркін кіреберісті қамтамасыз ету үшін керек.

Депутаттар барлық проблемалық мәселелерді тезірек шешуге барынша ат салысып, мектептердің құрылыс барысы мен сапасын ұдайы бақылауда ұстаймыз деп сендірді.

Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңға жуық оқушыға шақталған 24 заманауи оқу орнының құрылысы жоспарланған. 23 нысан келесі жылдың соңына дейін есігін айқара ашады, ал бір мектеп 2025 жылы пайдалануға берілмек.

Төрағасының блогы