Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің айтуынша, бірінші сынып оқушыларының көбеюіне байланысты бастауыш сыныптарға арналған кабинеттер жетіспейді. Мәселені елорда педагогтары «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынатын білім ошақтарының жобасын талқылау кезінде көтерді. Кездесу Samruk-Kazyna Construction бастамасымен ұйымдастырылды.

«Біздің мектепте 16 бірінші сынып бар. 25 оқушыға арналған кабинеттерде 35-40 баладан оқиды. Жыл сайын бастауыш сынып оқушыларының саны көбейіп барады. Сондықтан кіші буынға арналған кабинеттердің санын көбейту қажет», - деді елордадағы №89 лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Қарлығаш Мұқышева.

SK Construction басшысы Мәулен Айманбетовтың айтуынша, жайлы мектептерде мұндай проблема болмайды, өйткені 2000 орындық оқу орындарында бастауыш сынып кабинеттері үш қабатта орналасады, яғни олардың саны жеткілікті болады.

Басқарма Төрағасымен кездесуге бастауыш сынып ұстаздарынан бөлек география, химия, бология, информатика, алғашқы әскери дайындық және басқа да пәндердің мұғалімдері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, Астана қаласы білім басқармасының және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері шақырылды. Олар жайлы мектептердің жобаларымен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, жаңа заманауи білім ошақтарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, архитектуралық шешімдері, қасбеті мен ішкі интерьерінің дизайны көрсетілді.

«Біз барлық мәселелерді сіздермен жеке талқылауды жөн көрдік, өйткені сіздер мектепте не болуы керектігін және балалардың қалауын басқалардан жақсы білесіздер. Ұстаздар қауымының пікірі біз үшін маңызды, сондықтан ашық әрі сындарлы диалог болады деген үміттемін. Бірлесе жұмыс істесек қана бұл ауқымды ұлттық жобаны сәтті жүзеге асыра аламыз, ал мектептердің аты затына сай болады», - деп атап өтті Мәулен Айманбетов.

Мұғалімдер ескертулері мен ұсыныстарын қысылмай айтты, жайлы мектептердің жобасы мен жабдықталуын жақсарту бойынша идеяларымен бөлісіп, қызу пікірталасқа түсті. Мысалы, оқушыларға ыңғайлы болуы үшін сыртқы киім ілетін орынды (гардеробты) астыңғы қосымша қабатқа көшіріп, барынша кең етіп жасау қажеттігі айтылды.

Жобада бастауыш сыныптар үшін бөлек кіреберісі, гардеробы, спортзалы мен асханасы бар дербес блок жасау көзделген. Кіші және жоғары сыныптарды зоналарға бөліп оқыту идеясы ұстаздардың көңілінен шықты. Бұл оқушылардың ағынын реттеп қана қоймай, буллингтің алдын алуға мүмкіндік береді, өйткені бастауыш сынып бүлдіршіндері орта және жоғары сынып оқушыларымен қиылыспайды.

Астанадағы №37 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Жанна Хабибуллина химия, физика және биология сыныптарында зертханалық жұмыстар үшін бөлек аймақтарды жабдықтауды сұрады.

Талқылау барысында тағы бірқатар маңызды ескертулер мен ұсыныстар айтылды:

- мектептің бірінші қабатында әлеуметтік педагогтың кабинетін орналастыру;

- сыныптардың төбесін ақ түске бояу, өйткені бұл оқушылардың психо-эмоционалдық жағдайына оң әсер етеді;

- сыныптарды, дәліздерді, коворкинг аймақтарын және басқа кеңістіктерді безендіру кезінде ұлттық стилистикаға басымдық беру;

- асханалардан бөлек, коворкинг аймақтарында буфет орналастыру;

- кітап қоймасын ұлғайту;

- мектеп аумағында баланың дамуына оң әсер ететін ойындарға арналған аймақтар жасау.

Басқарма Төрағасы жобалаушыларға мұғалімдердің барлық ұсыныстарын ескеруді тапсырды. Жалпы, оқытушылар жоба мен дизайннің сапасына оң бағасын берді. Мұндай кездесулер, оның ішінде онлайн режимде, жайлы мектептердің ЖСҚ толық бекітілгенге дейін жиі өткізілетін болады. Талқылау қорытындысы бойынша мессенджерде жеке чат құру туралы шешім қабылданды. Оған елорда ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен пән мұғалімдері қосылады. Бұл талқылауды жеделдетуге және осы процеске барынша көп мектеп ұстаздарын тартуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ Айманбетов 11 қыркүйектен бастап Samruk-Kazyna Construction болашақ жайлы мектептердің жобаларын жалпыхалықтық талқылау жариялағанын еске салды. Қазақстандықтар арнайы сілтеме арқылы өтіп, сауалнамаға қатыса алады (https://forms.gle/auRNbe4NBARkLyiV7). Мұнда мектептердің қасбеті, архитектурасы, сыртқы және ішкі дизайні, интерьері және көлемдік-жоспарлау шешімдері көрсетілген. Конструктивті сыни пікірлер, ескертулер мен ұсыныстар 15 қыркүйекке дейін қабылданып, қаралады. Содан кейін жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.

Төрағасының блогы