«Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясындағы жалпыхалықтық талқылауды қорытындылады.

Сауалнамаға қатысқан 6 132 адам болашақ оқу орындары үшін ұсынылған дизайн мен безендіруді, сондай-ақ сәулеттік шешімдерді қызу қолдады.

Сауалнама барлық дерлік сала мамандарының қызығушылығын оятты.  Сұрақтарға белсенді жауап бергендердің басым бөлігін ата-аналар мен ұстаздар қауымы, тәрбиешілер, дизайнерлер, құрылысшылар, сәулетшілер мен кәсіпкерлер құрады. Респонденттер қатарынан уақытша жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, зейнеткерлер, мектеп оқушылары мен студенттер де табылды. Сондай-ақ, ұлттық жобаның жүзеге асырылуына өз үлесін IT саласының өкілдері, инженерлер, қаржыгерлер, экономистер, есепшілер, заңгерлер, саясаткерлер, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, электршілер, журналистер, қызметкерлер құрамын іріктеу мамандары, қоғам өкілдері, өндіріс ошағының жұмысшылары, кинологтар, теміржолшылар, жүргізушілер, наубайшы мен кондитерлер де қосты.

Сауалнамадан өткендердің арасындағы асқан белсенділікті 24 пен 34 жас (30%) және 35 пен 44 жас (50%),  аралығындағы қазақстандықтар танытты. Бұл балалардың білім алу жағдайын жақсартуға деген ел жастарының ынтасы мен қызығушылығының бірден-бір дәлелі.

5,5 мыңға жуық қазақстандық, яғни респонденттердің 88% жайлы мектептер үшін ұсынылған сәулеттік және визуалды шешімдерді жоғары бағалады. Ел азаматтары жобаның жақын арада мақұлданып, құрылыстың басталуы бойынша да лебіздерін білдірді.

Ұлттық жобаны іске асыруда әрбір қазақстандықтың ой-пікірі біз үшін өте маңызды. Еліміздегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған ортақ жұмысымызға тұрғындар тарапынан мықты қолдау көрсетіліп отыр. Оған қоса орынды ұсыныс-тілектер де келіп түсті, бәрін мұқият зерделеп, жобаға толықтыру енгізуге кірістік», - деп атап өтті Мәулен Айманбетов.

Ерекше назар оқушылардың сыныптан тыс уақытының жайлы өтуіне бөлінген. Атап айтқанда, коворкинг аймақтарын қосымша буфеттермен қамту жөнінде шешім қабылданды. Бұл балаларға қысқа үзілістерде жүрек жалғап алуға мүмкіндік бермек. Бос уақыттарын әдетте терезе алдында өткізетін ұл-қыздар үшін енді дәліздерде демалыс аймақтары ұйымдастырылатын болады. Аяқ-киімді ауыстыруға арналған, сондай-ақ, жеке заттарды сақтайтын орындардың аумағын ұлғайту бойынша респонденттердің ұсынысы ескерілді. Бұдан бөлек, балаларды мектепке әкелгенде, кептелістің алдын алу үшін көлік тоқтайтын арнайы орындар да қарастырылмақ.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовтың сөзінше, білім нысандарын жобалау мен құрылыс барысында ашықтық пен қоғамның барынша қызығушылық танытқаны маңызды.

Мектепке келгенде ұзын-сонар кезек құрылуына, балалардың бір-бірімен сығылысуына, сондай-ақ орын алуы мүмкін буллингке жол бермес үшін сауалнама қатысушылары бастауыш пен орта буын оқушылары үшін жеке кіреберіс істеуді сұрады. Мұндай ерекшелік жайлы мектептерде қарастырылғанын атап өту қажет.

Оқу нысанының визуалына келер болсақ, сауалнама қатысушылары мектептердің барлығында бірыңғай түс дизайнын ұстанудың маңыздылығына назар аударды. Ұл-қыздардың сабақ барысында өздерін жайлы сезініп, бірақ көңілдері оқуда болуы үшін мектепке дейінгі даярлық топтары мен бастауыш сыныптарында байсалды түстерге басымдық беру туралы кеңес берілді.

Сауалнама қатысушылары мектеп қабырғасында қалыптасатын балалардың денсаулығы мен дене тәрбиесінің маңыздылығын атап өтті. Респонденттер оқушылардың спорттың бірнеше түрімен шұғылданып, топтық белсенділіктер  мен  ұлттық ойындарға қатысып, сабақтан тыс уақытты ұтымды әрі пайдалы өткізу үшін мектеп аумағында арнайы алаңдарды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын білдірді. Кең стадиондар мен спорттық алаңдар жаңа форматтағы мектеп жобасында қарастырылған. Бұл ұл-қыздарға оқу мен физикалық белсенділік арасындағы балансты сақтап, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді.

Дегенмен спорт залдарының аумағы респонденттердің айтқанындай ұлғайтылмайды, себебі жайлы мектептердегі залдардың көлемі стандарттық нормадан 2 есеге үлкен болмақ. Оқу орындарында бассейндерді орнату идеясынан да бас тартуға тура келді. Бұл жоба құнының айтарлықтай ұлғаюына әкеп соқтырмақ әрі жыл сайынғы қызмет көрсету құны да тым жоғары.

Сауалнама қатысушылары кабинеттерді аймақтарға бөлуді ұсынды. Мәселен, химия, биология мен физика сыныптарында зертханалық жұмыстарға арнайы орын қарастырылуы тиіс. Жайлы мектептердің құрылысы барысында қолданылатын материалдардың экологиялық талаптарға сәйкес келуіне ерекше көңіл бөлінбек.

Төрағасының блогы