Астана қаласының әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты
Мамырдың 18-і Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 4 жайлы мектептің құрылыс алаңын аралап шықты. Болашақ оқу орындары А.Байтұрсынов, Орынбор, Мәңгілік ел және Төле би көшелерінде орналасқан. Пилоттық ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысымен шаһар басшысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров таныстырды.
Алғаш болып қала әкімі Байтұрсынов көшесіндегі 600 орындық жайлы мектептің құрылысымен танысты. «ASTI» ЖШС нысанды шектеулі жағдайларда тұрғызып жатыр. Жер учаскесінің ауданы небәрі 1,5 гектарды құрайды. Футбол алаңын, спорттық және балалар алаңқайын орналастыру үшін 4 қабатты мектеп салу туралы шешім қабылданған. Оқу орны ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде халық игілігіне қолданысқа тапсырылмақ. Бұл 1,3 шақырым жердегі №72 мектептің жүктемесін едәуір азайтуға септеспек. Қазір мұнда 4 мың бала білім алып жатыр, келесі оқу жылынан олардың 800-і жаңа мектепке ауысады деп күтілуде.
Орынбор мен Мәңгілік ел көшелеріндегі 2000 орынға арналған жайлы мектептердің де жайы осы. «Bazis Construction» және «Integra Construction KZ» серіктестіктері білім ошақтарының құрылысын белсенді жүргізуде, компаниялар ғимараттың қасбетін қаптауға кірісіп кеткен. Консорциум жетекшілеріне нысандарды Білім күнінде қолданысқа енгізу міндеті қойылып отыр, себебі Есіл мен Нұра аудандарында оқушы орындарының тапшылығы мәселесі өткір тұр. 15 жайлы мектептің аталған аудандарда бой көтеретіні де сондықтан. Төле би көшесінде орналасқан 2000 орындық білім ошағын «BI Global» серіктестігі тұрғызуда. Мердігер ұйым Жеңіс Қасымбектің назарына дайын кабинеттердің бірін ұсынды. Үлгі ретінде жасалған сынып қажетті жиһаз және техникамен жабдықталған.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі мен Басқарма төрағасының орынбасары ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша өзекті сұрақтарды, дәлірек айтқанда учаскелерге инженелерлік желілерді тартып, жайлы мектептерді автокөлік жолдарымен қамту мәселелерін талқыға салды.
Барлығы мемлекет басшысының бастамасы аясында елордада 24 білім ошағын салу көзделген. Бұл бір кезекте 44,4 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. 9 оқу ұясы өз есігін 2024 жылдың 1 қыркүйегінде айқара ашпақ. Жайлы мектептердің болашақ директорлары бүгінде белгіленген. Қазір ұстаздардан құралатын ұжымды қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Ал маусымның 1-інен білім ошақтарына құжаттарды қабылдау бастау алады. Дәстүрге сай шара жергілікті атқарушы орган арқылы іске асырылмақ.