Паралимпиадашы Дастан Мұқашбеков Қарағанды қаласының «Кең дала» шағын ауданындағы жайлы мектепте болды
Дастан Мұқашбековпен кездесу білім ошағының оқушылары мен ұстаздары үшін естен кетпес оқиғаға айналды. Азамат тек Қарағанды қаласының тумасы емес, танымал спортшы және батылдық пен қайсарлықтың үлгісі. Парижде өткен Паралимпиадада ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды. Дастан өзінің ең үздік мүмкіндігінде ядроны 16 метрге лақтырды.
Іс-шара Samruk-Kazyna Construction компаниясымен ұйымдастырылды. Кездесу барысында Париж Паралимпиадасының жеңіл атлетика бойынша қола жүлдегері жиналғандарға спорттық мансабы мен болашаққа жоспарын баян етті. Сондай-ақ, мақсатқа жету үшін қандай әрекет жасау қажеттігін айтты. Дастан Мұқашбеков балаларға өздерінің сүйікті ісін тауып, сол салада күнделікті білімі мен біліктілігін арттыруға кеңес берді.
Оқушыларға шабыт пен мотивация сыйлаған кездесуден кейін Дастан Мұқашбеков жайлы мектепте жасалған жағдаймен танысып шықты. Паралимпиадашыны білім ошағындағы екі үлкен және екі кіші спорт залдары таңдай қақтырды. Атап өтейік, бір кезекте 2000 орынға арналған оқу ұясы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тұрғызылып, қыркүйектің бірінде халық игілігіне тапсырылды.