Астанадағы «Үркер» тұрғын алабында жайлы мектеп ашылды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов кезекті жайлы мектептің ашылуына қатысты. Бұл – жаңа оқу жылы басталғалы бері елордада ашылған он бірінші жайлы мектеп.
Жаңа үлгідегі мектеп «Үркер» тұрғын алабында орналасқан. Білім беру мекемесі екі ауысымда 4 мың оқушыны қабылдай алады. Қазіргі уақытта бұл тұрғын алабындағы №69 мектеп-лицейде балалар үш ауысымда оқиды. Сондықтан жаңа мектеп толығуды азайту мәселесін шешеді. Оқушылар бұл мектепте 3-ші тоқсаннан бастап білім алады.
Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар аралығында елордада жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Бұл оқу орындары екі ауысымда шамамен 90 мың оқушыға орын ұсынып, астаналық мектептердің толығу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ білім беру нысандарының құрылысын жүргізуге жауапты бірыңғай Дирекция болып табылады.
Жаңа, заманауи жайлы мектепте балалар үшін қауіпсіз және функционалды білім беру ортасы жасалған. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке блоктар қарастырылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кедергісіз орта құрылған. Мұнда заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография залы, 4 спорт залы, коворкинг және демалыс аймақтары, ойын және спорт алаңдары бар. Қауіпсіздікке ерекше назар аударылған: цифрлық бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған.
Қала әкімі, Басқарма төрағасы және Үркердің белсенді тұрғындары мектептің сапалы құрылысы мен жабдықталуын, сондай-ақ оқушылар, олардың ата-аналары және педагогтар үшін ыңғайлылығын атап өтті. Мектептің құрылысын «Integra Construction KZ» компаниясы жүргізді.