Жайлы мектеп: ұстаздар мен оқушылардың жаңа оқу кеңістігі туралы пікірі
2025 жылдың қаңтарында Астана қаласы «Үркер» шағын ауданы тұрғындарының арманы орындалды. Елордалықтарды бүгінге дейін мектеп тапшылығы мәселесі мазалаған. Оқушылар мен ұстаздар шаһардың орталық бөлігінде орын тепкен №69 мектеп-лицейге қатынып білім алған, еңбек еткен. Сәйкесінше оқу ұясындағы жүктеме едәуір артып, үшауысымдық режимге ауысқан. Проблема «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біржақты етілді.
Жоламан Көкенайұлы - №33 орта мектептің тарих пәні мұғалімі, Астана қаласы:
«Еңбек өтілімнің жаңадан ашылған №33 жайлы мектептен ашылып жатқанына қуаныштымын. Бұл – өнер, білім мен инновацияны біріктірген кеңістік. Мектепте барлық заманауи технологиялар қарастырылған, STEM және робототехника кабинеттері бар. Біздің тарих кабинеті 30 жеке ноутбукпен қамтамасыз етілді. Барлық заман игіліктерін сабақ барысында қолданып, оқушылардың білімің тереңдетеміз».
Жайлы мектептің жабдықталу деңгейі соңғы заман талабына жауап береді. Жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда компьютер, моноблок, ноутбук, мультимедиялық тақта сынды технологиялардың үлесі 4 есеге көп. Нысан құрылысына бөлінген қаражаттың 20 пайызы дәл осы мақсатқа жұмсалған. Бұл оқу кабинеттерінен бөлек, озық зертханаларды жайғастыруға мүмкіндік берді. Көз үйренген технология пәні сыныптарының өзі түрлі станок және тігін машиналарына толы. Бастысы мұндай заман игіліктерімен жұмыс істеу мүмкіндігін әр оқушы иеленді.
Гүлнұр Мұқышева - №33 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Астана қаласы:
«Біздің мектебіміз сапалы білім берудегі оқушылардың жан-жақты дамуын, жайлы оқу ортасын қамтамасыз етеді. Әр оқушы шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Оқу үдерісі заманауи технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оқушылар үшін түрлі үйірмелер және қосымша сабақтар қарастырылған. Бастысы – бәрі тегін».
Білім ошағында 4 бірдей спортзал, хореографиялық зал, телестудия, коворкинг аймақтар бар. Жаңа үлгідегі мектеп жаңашылдықтары оқушылардың көңілдерінен де шығып жатыр.
- «Біздің мектеп өте үлкен әрі жайлы. Демалуға арналған коворкинг бар. Үзіліс уақытынды осы жерге келіп тынығамыз, сабақтарымызды қайталаймыз, ойындар ойнаймыз».
- «Мектеп асханасы өте үлкен. Қоңырау уақытында келіп ыстық тамақ ішеміз. Орындықтары ыңғайлы, дизайны әдемі».
- «Менің таң қалдырғаны – мектеп телестудиясы. Мұнда дыбыс жазатын бөлме, подкаст жазуға арналған микрофондар, видео түсіруге камера, жарық пен тіпті жасыл фон да қарастырылған».
Жайлы мектептердің ерекшелігі мұнымен бітпейді. Нысан мектепке дейінгі, бастауыш пен орта-жоғары буын оқушылары үшін үш блокқа бөлінген. Балалардың жас ерекшелігіне байланысты әр аймақ өзінің спорт залдарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке заттарды сақтауға арналған шкафтармен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивтік және сенсорлық кабинет, пандус пен жеделсаты қарастырылған.
Мерей Базарбаева - №33 орта мектептің математика пәні мұғалімі, Астана қаласы:
«Осы уақытқа дейін М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназияда еңбек еттім. Үркер тұрғын үй алабында жайлы мектеп ашылғалы, осында ауыстым. Үйіме өте жақын, білім ошағында барлық жағдай жасалған. Кабинеттердің жабдықталуына келетін болсақ, әр ұстаз үшін жеке компьютер мен жұмыс орны қарастырылған. Сыныптарда мультимедиялық тақта, жоғарыжылдамдықты интернет бар. Озат оқушылар шығарамыз деген ойдамын».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында елордада жаңа форматтағы 23 мектепті салу көзделген. Білім ошақтары екі ауысымда шамамен 90 мың оқушыға орын ұсынып, астаналық мектептердегі тапшылы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде нысандардың 16-сының құрылысы аяқталды.