Қызылорда облысы Қазалы ауданы Жаңқожа батыр ауылы тұрғындарында қос қуаныш. Әз Наурыз мерекесінде елді мекенде заманауи жайлы мектеп өз есігін айқара ашты. Жаңа форматтағы білім ошағы бір кезекте 300 оқушыға арналған. Ауылдағы ағайын қуанышына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ортақтасып, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады.

«Жаңа мектептердің ашылуы - бұл жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 6900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталып, оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебін облыс орталығынан өткен жылы қазан айында табыстадық. Жыл басында Жаңақорған ауданында 300 және 600 орындық екі, Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық жайлы мектептерді пайдалануға бердік», деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Жайлы мектеп 2,8 гектарды құрайтын учаскеде орналасқан, нысан аумағы 6800 шаршы метрден асады. Екіқабатты нысан жаңа форматта бой көтерген. Яғни білім ошағында мектепке дейінгі, бастауыш және орта-жоғары буын оқушылары үшін бөлек кіреберіс жасалған. Оқу кезінде де балалар өзара араласпас үшін жеке блоктарда білім алады.
Ұлттық жобаның ерекшелігі сол – оқу ұялары толығымен дайын күйде қолданысқа тапсырылады. Яғни, әр кабинет, спортзал, акт залы, асхана мен дәліз қажетті жиһаз, техника, мультимедиялық кешендермен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Білім ошақтары робототехника кабинеті, STEM-зертхана, хореография залымен таңдай қақтырады. Технология сабақтарына арналған бірнеше шеберхананың жабдықталу деңгейі де өте жоғары. Мұнда заманауи тігін машиналары, станоктардан бастап, ине, жіп, мата сынды ұсақ-түйекке дейін бәрі бар. Бұдан бөлек, бірнеше коворкинг аймақ, субұрқақ, жеке заттарды сақтауға арналған шкафтар да оқушылардың жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жайлы мектеп қала мен ауылдағы білім ошақтарының алшақтығын едәуір азайтып жатыр. Елдімекендік оқушылар үшін де енді үйірме мен секцияның түр-түрі қолжетімді. Сабақтан тыс уақытты тиімді ұйымдастырып, балаларды робототехника, инженерия, өнер мен спортқа баулу үшін жайлы мектепте бар жағдай жасалған. Бұған ата-аналар мен ұстаздар қауымы дән риза.

Төрағасының блогы