2022 жылғы 13 желтоқсанда «Samruk-Kazyna Construction»  АҚ  (бұдан  әрі – Қоғам) Директорлар Кеңесі мүшелерінің қатысуымен көшпелі жұмыс сессиясы өтті, оның шеңберінде делегация Қоғамның іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары объектілеріне барды.

   Бағдарламаның бірінші объектісі Ұлы дала даңғылы, ЭКСПО ауданында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешені. Тұрғын үй кешенінде жалпы ауданы 16 мың шаршы метрден асатын 226 пәтер бар. Ауданы 2 мың шаршы метрден асатын коммерциялық үй-жайлар және 115 тұрақ орны қарастырылған. Қоғамның Директорлар Кеңесінің Төрағасы М.Тәжіғалиев бастаған делегация құрылыс барысын бағалап, Құрылыс салушымен жұмыс жүргізу кестесінің орындалуын талқылады. Тұрғын үй кешенін ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беруі жоспарланған.

   Бұдан әрі делегация ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген «Qazyna» тұрғын кешеніне барды. Бұл тұрғын үй кешені А.Байтұрсынұлы мен С.Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында орналасқан. Жаңа ғимаратта жалпы ауданы 68 мың шаршы метрден асатын 1 183 пәтер орналасқан, коммерциялық үй-жайлардың ауданы 8 мың шаршы метрден асады, 296 көлік орны қарастырылған.

   Қоғамның инвестициялық қызметінің негізгі бағыттарының бірі импортты алмастыру мақсатында құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар салу болып табылады. Отандық шатыр және қаптау материалдарын шығаратын зауыттың құрылыс алаңын тексеру барысында «MetalFormer» ЖШС басшысы М.Сәдуақасов жобаның іске асырылу мәртебесі, ағымдағы мәселелер мен міндеттер туралы айтып берді.

   Бұл жобаны іске асыру ішкі нарықтың бұрын Ресейден, Қытайдан және Финляндиядан әкелінген шатыр және қасбет материалдарына деген қажеттілігінің 20% - дан астамын жабуға мүмкіндік береді. Нысанның құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында басталды. Зауытты 2023 жылдың қыркүйегінде іске қосу жоспарлануда, оның өнімділігі айына 20-25 мың шаршы метрге дейін шатыр материалдарын және айына 600 тоннадан астам қасбеттің қаптау материалдарын құрайды. Зауытты пайдалану басталысымен 70-ке жуық жұмыс орны құрылады.

Төрағасының блогы