2023 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Маулен Айманбетовті қабылдады. Кездесу барысында «Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасын іске асырудың әр кезеңдерінде көзделген іс-шаралардың кешенді жоспары талқыланды.

   Министрге орта білім беру ұйымдарының объектілерін салу үшін бөлінген жер учаскелері бойынша ағымдағы жұмыс туралы баяндалды, сондай-ақ ұлттық жобаның логотипін әзірлеу мәселесі талқыланды.

  Маулен Айманбетов мониторинг мақсатында ақпараттық жүйенінің мүмкіндіктері, бейнетрансляция функциясы бар интерактивті карта және құрылыс алаңдарының фото есептері туралы айтып берді.

   Кездесу қорытындысы бойынша Министр құрылыстың бірыңғай стандартын сақтауға, қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етуге, балалардың қауіпсіздік шараларын арттыруға, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен және зертханалармен жабдықтау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

  «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. 2023-2025 жылдар ішінде оқушылар үшін қолайлы жағдайлары жоғары, сондай-ақ барлық заманауи талаптарға сай келетін 401 мектеп салу және пайдалануға беру жоспарлануда.

  Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық жобанының әзірлеушісі болып, үйлестіруді, мониторингті және әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

  «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі дирекция ретінде айқындалған.

Төрағасының блогы