«Алматыбасжоспар» ұлттық зерттеу институтында «Samruk – Kazyna Construction» АҚ басшысының орынбасары Амангелді Саттаровтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Отырысқа Алматы қаласы мен Алматы облысында жайлы мектептердің құрылысына жауапты барлық мердігерлік және жобалау ұйымдарының өкілдері қатысты.

Мектеп ғимараттарын орналастыру, инженерлік желілерді шығару және жаңадан тарту, жасыл желек пен аумақтағы ескі ғимараттарды бұзу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесін бекіту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, білім ошақтарын жобалау мен салуға кедергі келтіретін ықтимал тәуекелдер мен кейбір жер учаскелерін ауыстыру сұрақтары қарастырылды.

Осы және басқа да проблемалық мәселелерді шешу жолдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әміриннің төрағалығымен өткен басқа отырыста қаралды. Кеңеске «Samruk-Kazyna Construction» басшысының орынбасары Амангелді Саттаров, Алматы қалалық энергетика басқармасының басшысы Талғат Малдыбаев және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Амангелді Саттаров мегаполистің Алатау, Наурызбай, Бостандық, Әуезов және Алмалы аудандарында салынатын болашақ жайлы мектептердің құрылыс алаңдарын аралады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы облысында барлығы 53 орта білім беру нысаны салынады.  25 мектеп 2024 жылы, қалған 28 мектеп 2025 жылы тапсырылады. Ал Алматы қаласында 3 жылда 22 жайлы мектеп салынады, оның 21-і келесі жылы пайдалануға беріледі.

Төрағасының блогы