«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылатын үш жылдың ішінде Жамбыл облысында 12 жаңа білім ошағы ашылады, олардың жетеуі қолданысқа 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсырылмақ. Болашақ оқу нысандарының төртеуі Тараз қаласында орналасқан. Бүгін құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов танысты.

600 орынға арналған жайлы мектеп Тараз қаласының «Шөлдала» тұрғын үй массивінде бой көтермек. Оқу нысаны 2024 оқу жылының басында есігін айқара ашады деп жоспарланған. Алайда, мердігерлердің жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді. Samruk-Kazyna Construction басшысы «Агроспецстрой» ЖШС жетекшісіне шаруаға белсенді кірісіп, жер учаскелерін құрылысқа тез арада дайындауды тапсырды.

13 ықшам ауданда тұрғызылатын жайлы мектептің іске асырылу барысын Мәулен Айманбетов Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен қарастырды. Кездесуде сыртқы инженерлік желілерді тарту мен жер учаскесінің ауданы бойынша сұрақтар талқыланды. Басқарма Төрағасы болашақ білім ошағының аумағын кеңейту қажеттілігіне назар аударды, себебі балаларға арналған жайлы ортаны қалыптастыруда әрбір шаршы метрдің маңызы зор. Сондай-ақ, қала басшылығына жол-көлік қозғалысын ұйымдастыру бойынша да кеңес берілді. Атап айтсақ, кептелістерді болдырмау үшін біржақты көлік қозғалысын енгізу қажет.

Ұлттық жоба аясындағы 2 жайлы мектеп Тараз қаласының 15 ықшам ауданында бой көтереді. 2000 орынға арналған білім нысанын «Отау-Строй» ЖШС тұрғызады. Оқушылар орны тапшылығы мәселесін шешуге 1200 білім алушыға арналған мектептің ашылуы да септеспек. «Integra Construction KZ» ЖШС құрылысқа қажет дайындық жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Кіреберіс жолдарды салуға қажет аумақты болашақ оқу орнының учаскесіне қосу ісі де аяқталыпты. Мұндай өтінішті Samruk-Kazyna Construction өкілдері соңғы кездесу барысында айтқан болатын.

Сондай-ақ Мәулен Айманбетов Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылында бой көтеретін жайлы мектептің құрылыс учаскесіне де барды. 600 білім алушыға арналған оқу орны келесі жылы халық игілігіне тапсырылады.

Жұмыс сапарының соңында Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесті. Қос тарап өңірдегі ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысын талқылап, проблемалық сұрақтарды қарастырды. Аймақ басшысы жайлы мектептердің білім саласындағы маңыздылығын атап өтті.

Төрағасының блогы