Оқу-ағарту министрлігінде вице-министр Еділ Оспан және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаровтың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті, онда жайлы мектептердің жобалары егжей-тегжейлі қаралды.

300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық жайлы мектептердің бас жоспарлары, ішкі жоспары, сыныптар мен кабинеттердің саны мен талаптарға сай болуы егжей-тегжейлі талқыланды.

Сондай-ақ, жайлы мектептерді жабдықтау жоспарының жобалау тапсырмасына және Оқу-ағарту министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 бұйрығына сәйкестігі тексерілді. Білім беру нысандарының штат саны да сөз болды.

Samruk-Kazyna Construction тарапынан жиынға Ұлттық жобаны жүзеге асыру және өңірлік даму департаментінің директоры Ербол Ахметов, сметалар және баға белгілеу бөлімінің, сондай-ақ Әнуарбек Хами бастаған жобалау бөлімінің мамандары қатысты.

Министрлік тарапынан бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш, жауапты комитеттердің басшылары мен жобалық кеңсе мамандары қатысты.

Қаперге салайық, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының бірыңғай операторы болып табылады, ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ білім ошақтарының құрылысына жауапты бірыңғай Дирекция ретінде бекітілген.

Төрағасының блогы