Сыртқы инженерлік желілерді тарту, болашақ оқу орындарын төрт жақтан кіреберіс жолдармен қамту және конфигурациясы талапқа сай келмейтін жер учаскелерінің аумағын кеңейту. Осы және өзге де мәселелер "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының Алматы облысында іске асырылуына кедергі келтіруде.

Аталған мәселелерді уақытылы біржақты ету үшін 20 қыркүйек Samruk-Kazyna Construction басшысы облыстық құрылыс басқармасымен өткен жиналысқа қатысты. Әр проблеманы қос тарап  бірлесе қарастырып, Мәулен Айманбетов енгізуге тұрарлық өзгерістерді ұсынды.

Отырыста жайлы мектептердің сейсмикалық төзімділік мәселелері де қарастырылды. Алматы облысы сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов барлық жайлы мектептердің ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтпес бұрын міндетті түрде ҚазҚСҒЗИ мамандарынан оң қорытынды алуы керек екенін қадап айтты. Жобалау кезінде олардың ұсыныстары ескерілуі қажет.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдері тарапынан осыған дейін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне Іле ауданына қарасты, Өтеген батыр ауылындағы білім ошағының орнын ауыстыру бойынша ұсынысты айтылған болатын. Алайда, елді мекендегі нысандардың барлығы тығыз орналасқандықтан, жайлы мектепті тұрғызу бойынша жеке жоба жасау туралы шешім қабылданды.

2023-2025 жылдары Алматы облысында жаңа форматтағы 53 мектепті салу жоспарланған, оның 23-ін келесі оқу жылында қолданысқа тапсыру көзделген. Ұлттық жобаны іске асыру арқылы бір кезекте 55 мыңға жуық оқушы орны ашылады. Бұл қазіргі мектептерге артылған жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы