Алматы қаласының әкімі Райымбек батыр даңғылында орналасқан жайлы мектептің құрылыс алаңындағы жұмыспен танысты. Жаңа форматтағы оқу орнын 2024 жылы қолданысқа тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда мұнда нысанды тұрғызуға дайындық жүріп жатыр. Заманауи білім ошағының жобасымен және ағымдағы жағдаймен Ерболат Досаевты «Samruk-Kazyna Construction» Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров таныстырды.

«Оқу ошағы 1500 орынға шақталған. Білім алушылардың жайлылығы үшін біз 4 спортзалды жобаладық, оның біреуі үлкен болса, үшеуі – кіші. Екі кіші спортзал бастауыш сынып оқушылары үшін пайдалануға беріледі. Ерекше назарды балалардың мектепке кіріп-шығуына аудардық. Біз оны бүлдіршіндер, бастауыш сынып оқушылары мен орта және жоғарғы буынның ұл-қыздары үшін 3 бөлек жасадық», - деді Амангелді Саттаров.

Жайлы мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың электрондық порталына жүктелген. Қорытындысы шыққаннан кейін «Bazis Construction» ЖШС кең көлемді құрылыс кезеңіне аяқ басады. Әзірге мердігер ұйым мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмысына мән берген жөн.

Жалпы еліміздің оңтүстік астанасында ұлттық жоба аясында 3 жылдың ішінде 37,1 мың оқушыға арналған 22 жайлы мектеп тұрғызылады. Оның ішінде 8 оқу орны дайын нысанды сатып алу тетігі арқылы, ал 1 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Аталған жер телімдеріндегі ағымдағы жағдайды да «Samruk-Kazyna Construction» Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров  мегаполис әкімі Ерболат Досаевқа баяндап берді.

Төрағасының блогы