Іріктеу қорытындысы бойынша 32 жастағы Айдос Шамбулов Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі атанды. Бұл оған «А» корпусындағы саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік береді.

Samruk-Kazyna Construction компаниясында Айдос 2023 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді. Ол – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру бойынша Әкімшілік-қаржы департаментінің Әкімшілік жұмыс бөлімінің бастығы.

«Іріктеу 7 кезеңнен тұрды және 4 айға созылды. Құжаттар 2023 жылдың 1–30 қыркүйегі аралығында қабылданды. Әрі қарай біз мәтінмен және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттері бағаланған бірнеше тест тапсырдық, ситуациялық тапсырмаларды шештік, құзыреттіліктерді бағалау және сараптамалық комиссия мүшелерімен әңгімелесу сияқты кезеңдерден өттік», - деді резервист іріктеу барысы туралы.

Айдостың құзыреттілігі оған барлық кезеңдерден сәтті өтіп, қорытынды тізімге енуге мүмкіндік берді. Іріктеу нәтижелері 2023 жылдың 25 желтоқсанында жарияланды. 6 мыңнан астам кандидаттың ішінен Ұлттық комиссияның шешімі бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам қабылданды. Резервте болу мерзімі – 3 жыл.

Айдос Шамбулов Түркістан облысында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген, сондай-ақ АҚШ-тағы Калифорния университетін тәмамдап, заң магистрі дәрежесін алды. Бұған дейін ОҚО табиғи ресурстар басқармасында бас маман, әкімнің кеңесшісі, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді.

Президенттік жастар кадр резерві – бұл талантты жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған Мемлекет басшысының бастамасы. Резервке іріктелген жастар өздерінің жоғары кәсіби және моральдық қасиеттерінің арқасында маңызды лауазымдарға тағайындалып, еңбек ету мүмкіндігіне ие болады.

Төрағасының блогы