Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов Samruk-Kazyna Construction басшылығы мен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады. Отырысқа SK Construction қызметкерлері мен мердігерлік ұйымдардың басшылары да қатысты.

Ұлттық жоба аясында өңірде 8 жайлы мектеп салу жоспарланған, оның 6 биыл пайдалануға беріледі. Қалған 2 нысан 2025 жылы тапсырылады.

Бүгінгі таңда өңір бойынша мектептердің құрылысына 3 мердігер жауапты: «Antarium Group» ЖШС (2 мектеп), «ASTI» ЖШС (3 мектеп) және «АЛЮМИНСТРОЙ» ЖШС (1 мектеп). Алғашқы екі компанияның жұмыс қарқыны ойдағыдай, алайда соңғысы кестеден артта қалуда. «АЛЮМИНСТРОЙ» ЖШС басшылығына оқу орындарын бекітілген мерзімнен кешіктірмей тапсыру үшін жұмыстарды жеделдету жүктелді.

Мәулен Айманбетовтың сөзінше, барлық мердігерлердің нысандарды уақытылы тапсыра алатын мүмкіндігі бар. Ол үшін жұмысты 2-3 ауысымда нақты ұйымдастырып, құрылыс кезінде жобадан ауытқымау керек.

Отырыста 300 орындық мектеп салынып жатқан Құсмұрын ауылындағы жер учаскесіне инженерлік желілерді тарту жайы да сөз болды. Бұл мәселеде түсіністік бар. Ақсақалов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар беріп, жақын арада мәселенің шешілетінін айтты.

Жайлы мектептердің құрылысында жергілікті материалдарды пайдалану әлеуеті де талқыланды. Қостанай облысында жайлы мектептердің қасбетін кірпішпен қаптау жоспарланған. Айта кетейік, өңірде мұндай өнім шығаратын зауыт жемісті жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе өңір басшысының жеке бақылауына алынды.

Өз кезегінде Құмар Ақсақалов Қостанай облысында ұлттық жобаны іске асыру бойынша ағымдағы ахуалды және проблемалық мәселелерді талқылау үшін апта сайын онлайн режимінде жиналыс өткізіп тұруды ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Төрағасының блогы