2022 жылғы 19 сәуірде Ақтөбе қаласында Қоғамның Басқарма Төрағасы Айманбетов Мәулен Зарлықұлының жұмыс сапары аясында Ақтөбе қаласының Әкімі Шахаров Асхат Берлешұлымен кездесу өтті.

Отырысқа сондай-ақ Әкімнің орынбасары С.М. Ли, «Center Group» инвестициялық құрылыс холдингінің Басқарма Төрағасы А. А. Жолдықұлов және Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қатысты.

Кездесу барысында тұрғын үй құрылысының ағымдағы жағдайы, абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы пікір алмасылды. «Батыс Премиум», «Юнис Сити» және «Bavaria» тұрғын үй кешендері бойынша проблемалық мәселелер талқыланды.

Құрылыс салу жоспары шеңберінде тұрғын үй құрылысы бойынша бірлескен жұмысты жандандыруға және қоғамның Ақтөбе қаласы әкімдігінің тиісті бағдарламаларына қатысуына өзара дайындық білдірілді.

Диалогта Ақтөбе қаласының құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдау мен жағдай жасау жөніндегі шараларға ерекше орын бөлінді. Атаулы жобаларды енгізудің негізгі мақсаты Қазақстанда жергілікті өндірісті ілгерілету және құрылыс материалдарының импортын алмастыру болып табылады.

Кездесу соңында М.З. Айманбетов пен А. Б. Шахаров құрылыс саласын нығайтуға бағытталған ынтымақтастықтың барлық қарастырылған бағыттары бойынша белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындығын білдірді. Ертен Ақтөбе қаласындағы ескі үйлерді реновациялау бағдарламасы бойынша «Көп қабатты үйлер құрылысы» жобасын іске асыру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою жоспарлануда.

Төрағасының блогы