Мәулен Айманбетовтің айтуынша, педагогтар қандай орындықтар мен парталардың балалар үшін ыңғайлы екенін жақсы біледі. Сондықтан мектеп жиһазын таңдау құқығын оларға беру керек. Бұл туралы Басқарма Төрағасы Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Демалыс күндері Samruk-Kazyna Construction басшысы жайлы мектептер салынатын БҚО-дағы жер учаскелерін аралады.

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасарымен әңгімелесу барысында Айманбетов әр өңірде мектеп жиһазын іріктейтін арнайы комиссиялар құрылатынын еске салды. Комиссиялардың құрамына міндетті түрде облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасының басшысы, мектеп директорлары және олардың әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасарлары кіруі тиіс. Олар жиһаздың түсін, дизайнын, материалын және басқа да сыртқы сипаттамаларын анықтап, таңдайды.

«Бұған дейін әр өңірде арнайы жиһаз комиссиялары құрылып, барлық стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорындарды анықтады. Осы фабррикаларға хабарласып, көрме ұйымдастыруды өтіну немесе бәрін бөлек-бөлек аралап шығу қажет. Оңтайлы модельдерді таңдап, бізге дайын тізімді бересіздер. Барлық жиһазды өздеріңіз таңдайсыздар, ал біз оларды мектептердің жобалау-сметалық құжаттамасына қосамыз. Мердігерлер мектептерді жобалау-сметалық құжаттамаға сай  жабдықтауы керек. Сіздер, педагогтар, балалардың қалауын жақсы білесіздер, ал құрылысшылар жиһаз таңдаудан гөрі құрылыс жұмыстарының сапасына баса мән беруі керек», - деп атап өтті Айманбетов білім басқармасы басшысының орынбасарымен диалог барысында.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ата-аналарға балаларының қауіпсіз ортада білім алатынына сенімділікті қалыптастыруға бағытталған.  Оларға оқу және жан-жақты даму үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады. Сондықтан мектептерді жобалау кезінде балалардың қажеттіліктері, жоғары сапалы материалдар, сапалы инфрақұрылым, заманауи бақылау жүйесі және қорғалған аумақ сияқты факторлар бірінші кезекте ескеріледі.

Құрылыс учаскелерін аралаған Samruk Kazyna Construction басшысы мектептерге су мен кәріз құбырларын тарту және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Кейбір учаскелерге 1 км-ге дейін инженерлік желелілерді тарту керек. Бұл үлкен шығындарды қажет етпейтін қысқа қашықтық. Сондықтан, егер әкімдік конкурстық рәсімдер мен жобалауды кешіктіріп жатса, мердігер жетіспейтін инженерлік өз қаражаты есебінен тартса игі болар еді. Осы шығындардың барлығына жеке смета жасап, оларды жергілікті атқарушы органдарға бере аласыздар. Әкімдік, өз кезегінде, шығындарды өтеп береді. Біз үшін барлық инженерлік желілерді нысандарға ертерек тартып қою өте маңызды», - деді Айманбетов.

Сондай-ақ, Басқарма Төрағасы мердігер ұйымдарға инертті және құрылыс материалдарын жергілікті өндірушілерден алуды жүктеді. «Елдің екінші шетінен қиыршық тас пен құм тасудың қажеті жоқ»,-деп ескертті ол. Айманбетов барлық жұмыс істеп тұрған карьерлер мен зауыттардың қуатына, орналасқан жеріне, мектеп салынатын учаскеден қашықтығына егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тапсырма берді.

Төрағасының блогы