Өткен демалыс күндері «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру және өңірлерді дамыту департаментінің директоры Ербол Ахметов пен құрылыс бөлімінің бастығы Жан Мырзағали бірнеше өңірге іссапармен барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында инженерлік желілерді тарту, тротуарлар мен автотұрақтарды орналастыруға байланысты мәселелер талқыланды. Бас мердігерлерге жақын арада учаскелерді қоршауды, бейнебақылау камераларын орнатуды және басқа да дайындық шараларын аяқтау тапсырылды.

Мәселен, Павлодарда 600 орындық жайлы мектеп салынатын 47-ші мектептің жанындағы учаскеде жасыл желекті кесу жұмыстары жүргізілуде. Шаруа 18 тамызға дейін тындырылады. Ал Достық шағын ауданындағы 1200 орындық оқу орнының құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары басталған.

Павлодар облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 5 орта білім беру нысаны салынады. Бұл бір ауысымда 5,4 мың (екі ауысымда 10,8 мың) жаңа оқушы орнын  құруға мүмкіндік береді. 2023 жылы Павлодарда 1,8 мың орынға шақталған 2 мектептің құрылысы басталады. Бұл мектептерді 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 3,6 мың орындық 3 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Construction» инспекциясы Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы учаскелерді аралады. ШҚО-да Ербол Ахметов пен Жан Мырзағали Өскемен, Шемонаиха, Риддер қалаларында, сондай-ақ Опытное және Белоусовка ауылдарында жайлы мектептер салу бойынша жұмыс кеңестерін өткізді. Абай облысында Екпін және Водный ауылдары мен Семей және Аягөз қалаларындағы учаскелер қаралды.

Ұлттық жоба аясында Шығыс Қазақстан облысында 10 жайлы мектеп (2024 жылы – 7 мектеп және 2025 жылы – 3 мектеп), ал Абай облысында - 11 мектеп (2024 жылы – 5 мектеп және 2025 жылы – 6 мектеп) салу жоспарланған.

Төрағасының блогы