15 тамызда Алматы әкімдігінде қала басшысы Ерболат Досаевтың төрағалығымен және аудан әкімдері мен басқарма басшыларының қатысуымен үлкен отырыс өтті. Жиында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров оңтүстік астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру кезінде туындаған проблемалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Атап айтқанда, кейбір жер учаскелерін рәсімдеу мәселелері әлі шешілмеген. Инженерлік желілерді шығару, аумақтардағы ескі ғимараттарды бұзу және жасыл желекті кесу жұмыстары кешіктіріліп жатыр. Саттаровтың айтуынша, осы және басқа да шешілмеген мәселелер жер учаскелерін құрылысқа дайындау процесін тежеуде. Отырыста анықталған проблемалар талқыланып қана қоймай, оларды шешу жолдары мен тетіктері әзірленді.

Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі Ерболат Досаев бірқатар тапсырма берді. Алматы қаласының құрылыс басқармасына 1 қыркүйекке дейін ғимараттарды бұзу және жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстарын аяқтау жүктелді. Мегаполистің жер қатынастары басқармасы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу процесін жеделдетуі керек. Экология және қоршаған орта басқармасы екі апта ішінде қалған жер учаскелеріндегі жасыл желекті кесу жұмыстарын тәмамдауға тиіс. Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасына 1 қыркүйекке дейін инженерлік желілерді шығару жөніндегі іс-шараларды аяқтау тапсырылды.

Сондай-ақ, Досаев 1 қыркүйекке дейін жер учаскелерін бөлуді аяқтауды және кірме жолдарды жобалау мен салу, жақын маңдағы көшелерді жарықтандыру және мектептердің айналасына көлік тұрақтарын жасау мәселесін пысықтауды, сондай-ақ интернет желісін тарту бойынша іс-шаралар өткізуді тапсырды.

Сол күні Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров Алматы қаласында жайлы мектептерді жобалау және салу процесіне қатысатын консорциум жетекшілерімен және жобалау ұйымдарының өкілдерімен кеңес өткізді. Мердігер ұйымдарға білім ошақтарын жобалау жұмыстарын жеделдету және жер қазу жұмыстарын бастау бойынша нақты міндеттер қойылды.

Төрағасының блогы