«Samruk-Kazyna Construction» АҚ жуық арада сауалнама қорытындысын жариялайды.

Жайлы мектептердің сәулеті мен дизайнын бүкілхалықтық талқылау аяқталды. 11-17 қыркүйек аралығында қазақстандықтар заманауи білім ошақтарының жобасы туралы өз пікірлерін ашық білдіре алды. Ол үшін арнайы сауалнамадан өту қажет болды.

«Талқылауға қатысып, белсенділік танытқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Сіздер жолдаған ұсыныстар мен ескертпелердің біз үшін маңызы зор», - деп атап өтті Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.

Талқылау жалғасқан бір апта ішінде азаматтардан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ошақтарының архитектуралық шешімдері, ішкі жабдықталуы және безендірілуіне қатысты 6132 пікір мен ұсыныс келіп түсті.

Ұлттық жобаны іске асыру және өңірлерді дамыту департаментіндегі жобалау бөлімінің мамандары барлық жауаптарды қабылдап, өңдеуге кірісті. Сындарлы ескертулер мен ұсыныстар жаңа форматтағы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасына ендіріледі.

«Біз отандастарымыздың ұсыныс-тілектерін мұқият зерделеп, ескеріп, жобаларға толықтырулар енгіземіз. Сауалнамаға түрлі мамандық өкілдері қатысты. Азаматтардың бұл маңызды шарадан шет қалмағанына қуаныштымын.  Біздің барлық күш-жігеріміз балаларды жайлы және заманауи білім ошақтарымен қамтамасыз етуге бағытталған»,- деді Samruk-Kazyna Construction басшысы.

Қазіргі уақытта деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатыр. Респонденттердің  басым бөлігі 24 пен 34 (30%) және 35 пен 44 (50%) жас аралығындағы азаматтар. Бұл жас қазақстандықтардың елдегі білім беру сапасы мен жағдайларын жақсартуға бей-жай қарамайтынын көрсетеді.

Төрағасының блогы