Алматы облысында 8 жайлы мектепті салу бойынша ашық конкурсты «Курылысшы-ТБС» ЖШС жеңіп алды. Білім ошақтарының екеуін компания Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащысай мен Алмалы ауылдарында тұрғызбақ. Оқу нысандарының әрбіреуі 600 орынға шақталған. Болашақ мектептердің аумағында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы болып, жұмыстың өте сылбыр жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті билік өкілдеріне де қарқын қосқан жөн. Жер учаскелерін ұлғайту арқылы білім нысанының аумағын тіктөртбұрыш формаға келтіру қажет.

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сатай ауылындағы 900 орынға арналған мектептің құрылысына «Sheberbuild» ЖШС жауапты. Оқу орны төрт жақтан көлікке арналған жолдармен қамтылуы тиіс. Алайда, дәл қазір мұндағы 3 жер учаскесі бос емес, оның біреуінде тұрғын үй орналасқан.  Жер телімдерін сатып алу, кейін оны құрылыс үшін босату жұмыстарын аудандық әкімдік жүргізуі тиіс.

Жергілікті атқару орган өкілдеріне газдандыру жұмыстарына да назар аударған жөн. Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарындағы елді мекендер орталықтандырылған жылыту жүйесімен қамтылмаған. Соңғысында 10 жайлы мектеп салынады деп жоспарлануда. Оның екеуін «Sheberbuild» ЖШС Төнкеріс пен Жалқамыс ауылдарында тұрғызбақ. Мектептер 600 орынға арналады. Мәулен Айманбетов мердігерлерге жер қазу жұмысын бастауды тапсырды. Сондай-ақ, іске қарқын қосып, шаруаны тездету қажеттігіне баса назар аударды.

Талғар ауданындағы Көктал ауылында ұлттық жоба жер учаскесінің талапқа сай келмейтіндігі салдарынан жүзеге асырылмай отыр. Сондықтан, аудан әкімдігіне білім нысанын тұрғызу үшін жаңа аумақ табу туралы ұсыныс жасалды. Жер телімінің ауданы тіктөртбұрыш болуы тиіс. Сондай-ақ, төртжақтан жолмен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру керек. Ал Жаңалықтағы болашақ жайлы мектептің аумағы ұлғайтуды талап етеді. Қосымша шаршы метрлерге деген қажеттілік қосалқы нысандардың құрылысынан туындап отыр.

Талғар ауданындағы тағы екі жайлы мектепті «Курылысшы-ТБС» пен «Exclusive construction» серіктестіктері бірлесіп тұрғызады. Оның бірі, 700 оқушы орнына арналған нысан, Қызылту ауылында бой көтереді. Ол үшін Талғар аудандық әкімдігіне 7 тұрғын үй орналасқан учаскелерді сатып алып, аумақты босату қажет. 1500 орынға шақталған жаңа форматтағы заманауи мектеп Тұздыбастау елді мекенінде салынады. Жергілікті атқарушы орган өкілдеріне болашақ білім нысанын 4 жақтан автокөлік жолымен қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, жер телімінің конфигурациясын ретке келтірген жөн. Жайлы мектеп жобасының іске асырылуында әрбір шаршы метрдің тиімді пайдалануының қаншалықты маңызды екенін Мәулен Айманбетов тағы бір мәрте атап өтті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы облысында 54,6 мың оқушы орнына арналған 53 білім нысаны бой көтереді. Жайлы мектептердің 25-і келесі жылы есігін айқара ашпақ.

Төрағасының блогы