Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовтың қыркүйектің 23-індегі жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Шымкент қаласының Тұран ауданына қарасты «Ақжар» шағын ауданындағы 600 орынға арналған жайлы мектептің құрылысына «Отау строй» ЖШС жауапты. Жер учаскесінде болған «Samruk-Kazyna Construction» басшысы барлық жұмысты тоқтатуды тапсырып, болашақ оқу ошағының орнын ауыстыру қажеттігін жеткізді. Себебі мұнда еріген қар суы мен жаңбыр суының жиналу қаупі жоғары.

Жаңа жер учаскесін іздеу жұмыстары көп уақытты алған жоқ. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, сондай-ақ Тұран ауданының әкімдігімен бірлесе жайлы мектепті «Ақжар» мен «Ақтас» тұрғын үй алқаптарының ортасында тұрғызу туралы шешім қабылданды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін де қуантарлық жаңалық болмақ. Мәулен Айманбетов жаңа аумақты жақсылап зерттеп, топографиялық түсірілім жасап, геологиялық іздеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Білім нысанының қайда орналасатынын да анықтап, техникалық шарттарды алу қажет. Ал, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мамандары өз тарапынан 3 күн ішінде жер учаскесінің белгілері мен координатын дайындауы керек.

Ұқсас проблема «Сәуле» мен «Оңтүстік-Шығыс» шағын аудандарындағы жайлы мектептердің жер учаскесінде де орын алып отыр. Қос білім ошағы 1200 орынға шақталған. Мұндағы жер бедері тегіс емес, ауытқулар жиі кездеседі, сондықтан топырақты ауыстыру жұмыстарын бастаған жөн. Басқарма Төрағасы Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына болашақ оқу орнын төрт жақтан қамтамасыз ететін кіреберіс жолдарды жобалау мен құрылысын жүргізуге кірісу қажеттігін айтты.

Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Мәулен Айманбетов құрылысы биыл басталатын 12 учаскені аралады. Жайлы мектептер 2024 жылы қолданысқа тапсырылмақ. Басқарма Төрағасы проблемалық сұрақтарды шешу бойынша жергілікті атқарушы орган өкілдеріне нақты ұсыныстарын жеткізді.

«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында Шымкентте 18 білім ошағы бой көтереді. Бұл бір кезекте 28 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік бермек. Жоғарыда аталып өткендей, олардың  12-cі келесі жылы, ал қалған алтауы 2025-тің соңына дейін халық игілігіне тапсырылады.

Басқарма Төрағасының демалыс күндеріндегі жұмыс сапары Түркістан облысында жалғасын таппақ. Мәулен Айманбетов облыс орталығындағы жайлы мектептердің құрылыс алаңдарын аралап, ауылдарда бой көтеретін білім ошақтарының жер учаскелеріндегі жұмыспен танысады. Жексенбіде Шардара, Келес, Абай, Сарыағаш аудандарына бару жоспарланған. Жаңа жұмыс аптасын Түркістан облысындағы қуаттылығы 1000 МВт құрайтын электрстанциясының құрылыс алаңынан бастау көзделген. Кейін іссапар Төле би, Бәйдібек, Созақ және Сауран аудандары мен Түркістан қаласында жалғасады.

Төрағасының блогы