«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Үштөбе ауылындағы 300 орындық жайлы мектептің мердігеріне қатаң ескерту жасады. Бұл туралы ол 29 қыркүйекте аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында барысында мектептің құрылыс алаңына барған Мәулен Айманбетов «Астана-Көктем С» ЖШС жұмысын сынға алды, өйткені компания жұмыс кестесінен айтарлықтай кешігіп жатыр.

«Құрылысқа дайындық жұмыстары мен техниканы жұмылдыру қарқыны әлсіз. Мен сіздерге сейсенбіге дейін уақыт беремін. 3 қазанға дейін жұмысты екі ауысымда ұйымдастырып, барлық процестерді жеделдетіп, қосымша техника жұмылдырып,  көбірек мамандар мен жұмысшыларды тарту керек. Бекітілген мерзімдерді қуып жетпесеңіздер, келісім-шартты бұзуға тура келеді», - деді Samruk-Kazyna Construction басшысы мердігер ұйымның өкіліне.

«AN Groups» ЖШС жұмысы да сынға ұшырады. Компания Қарағанды қаласының «Голубые пуды» шағын ауданында 1200 орындық жайлы мектеп салып жатыр. Компания атқарушылық құжаттама мен есептерді тым кеш толтырып,  тапсырады екен.

«Құжаттарды уақытында тапсыру керек қой. Егер жақын арада жағдай түзелмесе, онда барлық атқарушылық құжаттаманы ретке келтірмейінше жұмыстарды тоқтатуға мәжбүр боламыз. Ескі жұмыс тәсілдерінен бас тартыңыздар, бәрі ережеге сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ,  жұмыс барысын жеделдетіп, екі ауысым ұйымдастыру керек, өйткені қыс жақындап келеді», - деді Айманбетов.

«Samruk-Kazyna Construction» басшысы Ғ.Мұстафин ауылына қарасты Нұра станциясындағы мектептің құрылыс жұмыстарын тоқтатуды бұйырды. Мұның себебі – геологиялық зерттеулер жүргізу кезіндегі кемшіліктер. Мәулен Айманбетов мердігер «Стинк ТФК» ЖШС өкілдеріне және SK Construction қызметкерлеріне «Қарағанды ГИИЗ и К» мамандарымен бірлесіп қосымша геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Төраға «Гүлдер» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында болды. Бұл білім ошағын да «Стинк ТФК» ЖШС салмақ. Жұмыстардың бәрі кестеге сай орындалуда, бірақ басты мәселе – халық саны көп болғандықтан, шағын ауданда үйлер мен ғимараттардың тығыз орналасуында. Салдарынан, бөлінген учаскенің аумағы тар. Осы орайда білім ошағына еркін кіреберісті қамтамасыз ету мәселесі өзекті тұр.

«BiGlobal» ЖШС салатын «Кең дала» шағын ауданындағы 2000 орындық жайлы мектеп аумағында да осыған ұқсас проблема бар. Айманбетов жобалау ұйымына оқу орнының спорт алаңын талаптарға сай етіп жарақтандыру үшін аумақтың бас жоспарын қайта қарауды тапсырды. Іргелес жер учаскелерін қосу арқылы жер учаскесінің тікбұрышты конфигурациясын жасау қажет. Төрағаның айтуынша, бұл ойын алаңдарын, спорттық снарядтарды және басқа да маңызды нысандарды еркін орналастыру үшін қажет.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында 18 орта білім беру нысаны салынады. 10 жайлы мектептің құрылысы биыл басталады. Олар 2024 жылы пайдалануға беріледі. Қалған 8 мектеп 2025 жылы есігін айқара ашады. Ұлттық жобаның арқасында облыс бойынша 12,5 мың қосымша оқушы орны ашылмақ.

Осымен Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының өңірлердегі жұмыс сапары мәресіне жетті. Екі апта ішінде Мәулен Айманбетов көлікпен бірнеше мың шақырымды еңсеріп, 8 өңірде болды. Ол Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына барып, жергілікті жерлерде ұлттық жобаның іске асырылу барысымен жеке танысып, проблемалық мәселелерді шешу үшін өңірлердің бірінші басшыларымен кездесті.

Төрағасының блогы