Ағымдық жылғы 2 қазанда сағат 8:00-де «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басшысы Мәулен Айманбетов аппараттық кеңес жиынын өткізді.

Отырыс барысында Басқарма Төрағасының орынбасарлары мен құрылымдық бөлім басшылары Қоғамның инвестициялық қызметі, кадрлік және ақпараттық-имидждік жұмыс бойынша есеп берді.

Жиын қатысушылары «MetalFormer» зауытының ашылуына дайындық бойынша сұрақтарды талқылады. Шатыр жабындылары мен қасбетті қаптау материалдарын өндіретін кәсіпорын жақын арада іске қосылып,  айына 75 мың м² талшықты цемент панельдерін өндірмек.

Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен реновация бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын инвестициялық қызмет – күн тәртібіне шығарылған сұрақтардың бірі. Басқарма Төрағасы көпқабатты баспаналарды тұрғызу бойынша жұмыс кестесінің орындалуын бағамдап, коммерциялық және тұрғын үй нысандарының қолданысы, Қоғамның ағымдағы қаржылық қызметі бағытында іс-шаралар кешенін жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, отырыста Түркия елінде бой көтеретін 1200 орынға шақталған мектептің құрылысы бойынша ұйымдастырушылық сұрақтар да қарастырылды. Естеріңізге сала кетейік, жайлы мектептерге типтес білім ошағы бауырлас мемлекеттің жер сілкінісі болған аймағында Қазақстан халқының көмегі мен қолдауының бірден-бір белгісі ретінде тұрғызылмақ.

Жиналыстың қорытындысы бойынша Басқарма Төрағасы айтылған мәселелердің барлығы қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ, жүктелген міндеттер Қоғамның хаттамалық тапсырмалар реестріне енгізіледі.

Сағат 9:00-де Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша Дирекциямен жиналыс өткізіп, өңірлерге барған іссапарын қорытындылады. Екі аптаның ішінде Басқарма Төрағасы 8 облыс пен 2 қаланы аралап, ондаған құрылыс учаскесіне барып, проблемалық сұрақтарды айқындап, оларды шешу жолын жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қарастырды.

Бас қосуда Samruk-Kazyna Construction басшысы шаруаны сылбыр жүргізіп жатқан мердігерлер мен компанияның өңірлік өкілдерін қатаң сынға алды. Бірнеше жер учаскесіндегі жұмыс белгіленген кестеден қалып барады, себебі құрылысқа дайындық барысы жөнді қадағаланбайды. Бұрыс үрдіс жалғасын табар болса, мердігермен де, аймақтардағы мамандармен де қош айтысуға тура келеді.

Өткір сұрақтарды нақтылап қарастырып, шешу жолдарын талқылау үшін 15:00-де Мәулен Айманбетов өңірлік өкілдермен жеке-жеке  ZOOM арқылы кездесу өткізетін болады.

 

Төрағасының блогы