Бүгін Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов шұғыл түрде Шығыс Қазақстан облысына аттанды. Өңірде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 10 нысанның құрылысы жоспарланған, оның 7-і келесі оқу жылында қолданысқа тапсырылмақ.

Өскемен қаласында 2024 жылы жаңа үлгідегі 3 заманауи білім ошағы ашылады. Жұмыс сапары барысында Мәулен Айманбетов алдымен дәл осы құрылыс алаңдарына барды. 19 шағын аудандағы 600 орындық жайлы мектеп таулы жерде орналасқан. Аймақтың ерекшелігі құрылыс кезеңінде де, қолданысқа тапсырылған соң да біраз қиындық тудыруы мүмкін. Samruk-Kazyna Construction басшысы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омармен және бейінді басқармалардың басшыларымен кездесіп, жер учаскесін төменге қарай, яғни жол жаққа жылжыту мәселесін талқылады. Мұндай мүмкіндік жоқ емес бар, бірақ құрылыс кезінде тау және жерасты суларын ескеру қажет. Сондықтан Мәулен Айманбетов жобалаушы ұйым өкілдеріне геологиялық зерттеуді мұқият жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, ертең түске дейін сәулетшімен, жергілікті атқарушы органдармен және SK Construction өкілдерімен бірге жайлы мектептің қалай орналасатындығын анықтауды жүктеді.

Бір ауысымда 600 оқушы орнына шақталған тағы бір мектепті 19 шағын ауданда "Элхон" ЖШС салады. Басқарма Төрағасы бұлақ көздерінің жақын орналасуына байланысты жобалаушылардың назарын геологиялық зерттеу жұмыстарының қажеттілігіне аударды. Құрылысқа дайындық процесін бөгемеу үшін шаруаны қысқа мерзімде тындыру қажет.

Өскемен қаласының Тимофеев көшесінде келесі жылы 300 орындық жайлы мектеп өз есігін айқара ашпақ. Оқу орнына бөлінген жер белгіленген параметрлерге сәйкес келмеген болатын. Жергілікті атқарушы орган өкілдері жақын маңдағы 12 учаскені сатып алу бойынша мәселені тез арада біржақты етіп, аумақты кеңейтті. Қазір мұнда "AN Group" ЖШС жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысанды салу кезінде құрылысшыларға гидрооқшаулау шараларына ерекше назар аудару керек, себебі жерасты сулары жақын орналасқан. Күн тәртібінен  жарықпен қамту мәселесі де алынып тасталды. Енді жылыту жүйесі бойынша сұрақты шешу қажет. Мектепке электр немесе газбен жұмыс істейтін қазандық орнатылмақ.

Кейін Мәулен Айманбетов Глубокое ауданының Белоусовка ауылындағы құрылыс алаңына барды. 300 орындық жайлы мектеп ескі білім ошағының орнына салынбақ. Бұрынғы ғимаратты сүру жұмыстарын мердігер соңына дейін аяқтамапты. "Фирма Азия" ЖШС шаруаны тым баяу атқаруда. Бұған жер қазу жұмыстарының бітпегені де дәлел болып отыр. Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов олқылықты түзеп, іске қарқын қосуға бір апта уақыт берді. Егер жүктелген міндет орындалмаса, мердігер ұйыммен шарт біржақты тәртіппен бұзылады. Инженерлік желілерді шығару мәселесі де өзекті болып қала бермек. Аудандық әкімдік тиісті қаражатты бөлу үшін мәслихат сессиясына бюджеттік өтінім дайындаған. Алайда, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің сөзінше, іске тек мамыр айында кірісуге болады. Себебі, жұмыс барысында ауыл тұрғындарын жылу мен жарық желісінен уақытша ажырату қажет.

"Фирма Азия" ЖШС Опытное село ауылында да білім ошағын тұрғызбақ. Құрылыс алаңындағы әңгіме қысқа болды – жердің ауытқуына байланысты аумақты ауыстыру қажет. Учаскедегі жердің деңгейі төрт түрлі, мұнда салынған оқу орны «Жайлы мектеп» атауына сай келмейтіні айдан анық. Аудан әкімдігі, жобалаушы ұйым өкілдері мен ұлттық жобаны іске асыру бойынша әкімшілік-қаржы департаментінің директоры Ербол Ахметов жер телімін ауыстыру мен нысанның орналасу мәселесін бірге қарастыратын болады.

Ертең Басқарма Төрағасының Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары жалғасын табады. Таңғы 7-ден бастап Мәулен Айманбетов Шемонаиха және Риддер қалаларындағы құрылыс алаңына баруды жоспарлауда.

Төрағасының блогы