Қаскелең қаласында салынатын 1500 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында Алматы облысы бойынша Samruk-Kazyna Construction өңірлік өкілдігінің ұйымдастыруымен жайлы мектептердің мердігерлерімен көшпелі жиналыс өтті.

Кездесуге Алматы облысы бойынша жайлы мектептердің құрылысына жауапты «Kaz SMU», «АрхСпецСтройПроект», «SHEBERBUILD», «Құрылысшы-ТБС», «Фирма ЕЛАМАН», «BiGlobal» мен басқа да мердігерлік және жобалау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қарасай ауданы әкімінің орынбасары мен Райымбек ауылдық округінің басшысы және техникалық қадағалау сарапшылары қатысты.

Көшпелі кеңес барысында мердігерлерге Қаскелеңдегі учаске техниканы жұмылдыру қарқыны мен дайындық жұмыстарының сапасы бойынша үлгілі құрылыс алаңы ретінде көрсетілді. Сондай-ақ, әр мектеп бойынша проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Олар негізінен ғимаратты орналастыру, тікбұрышты конфигурацияны қамтамасыз ету үшін учаскелерді кесу, құрылыс техникасын жұмылдыру, жер қазу және басқа жұмыстарға қатысты болды.

Өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов кейбір мердігерлердің жұмыс қарқынын қатаң сынға алып, егер кестені қуып жетпесе, келісім-шарт бұзылатынын ескерткен болатын. Үлгілі құрылыс алаңына жасалған экскурсия құрылыс компанияларына жұмысты жүйелі түржде жолға қоюға көмектеседі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен Samruk-Kazyna Construction қызметкерлеріне проблемалық мәселелер туралы тікелей әрі ашық айтуға мүмкіндік береді.

Мұндай көшпелі кеңестер тәжірибе алмасу мақсатында әрбір мердігердің құрылыс алаңдарында кезекпен тұрақты негізде өткізілетін болады.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Алматы облысында 2023-2025 жылдар аралығында жаңа форматтағы 53 мектеп салу жоспарлануда. Олардың 23-і келесі жылы өз есігін айқара ашады. Ұлттық жобаның арқасында облыс бойынша бір ауысымда 55 мыңға жуық жаңа оқушы орны құрылады (екі ауысымда 110 мың). Бұл, өз кезегінде, жұмыс істеп тұрған білім ошақтарының шамадан тыс жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы