Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы брифингте мәлімдеді.

«Мектептерге арналған жиһаз «Самұрық-Қазына» қорының тауар өндірушілер тізіліміне және «Атамекен» ҰКП отандық өндірушілер тізіліміне енгізілген қазақстандық кәсіпорындардан ғана сатып алынатын болады. Міндетті талап – отандық өндіруші мәртебесін растайтын «СТ-KZ» сертификатының болуы», - деп атап өтті спикер өз баяндамасында.

Малғаздаровтың сөзінше, Samruk-Kazyna Construction ұлттық жобаның бірыңғай операторы ретінде қазақстандық өндірушілерді қолдауға міндетті. Мысалы, жайлы мектептердің мердігерлері қазақстанда өндірілген материалдар мен тауарларды пайдалану көрсеткіштері бойынша ай сайын есеп тапсырып отырады.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде біз отанлдық өндірушілердің қатысуына кедергі келтіріп отырмыз деген ақпарат таралуда. Мен мұның бәрі шындыққа жанаспайтын қауесет екенін сеніммен айта аламын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқанын сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан бұл ақша ел экономикасына жұмыс істеуі керек», - деді Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ұлттық жоба операторы жайлы мектептер үшін жиһазды тапсырыс беруші емес, сол жиһазды тікелей пайдаланушылар таңдауы керек деп есептейді. Осы бағытта ең оңтайлы әрі ыңғайлы мектеп жиһазын таңдауға мүмкіндік беретін жаңа алгоритм әзірленіп жатыр. Оған сәйкес, әр жиһаз түрі бойынша нақты сипаттамалары мен нақты кодтары көрсетілген үш нұсқа ұсынылады.

«Дайын тізім «Атамекен» ҰКП қарауына ұсынылатын болады. Кәсіпкерлер палатасы ұлттық жобаның талаптарына сәйкес келетін сапалы жиһаз жасауға қауқарлы отандық өндірушілерді анықтап, бізге тізімін ұсынады. Кейін тізім өңірлік білім басқармаларына жіберіледі, онда ұсынылған нұсқалардың ішінен ең оңтайлы жиһаз түрлері таңдалады», - деп түсіндірді Малғаздаров.

Бұған дейін отандық өндірушілер Samruk-Kazyna Construction компаниясын жиһаз өнімдерінің техникалық сипаттамаларын бермей жатқаны үшін  сынаған болатын. Алайда, брифинг барысында белгілі болғандай, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шықпайынша техникалық сипаттамаларды ұсыну мүмкін емес. Бүгінгі таңда жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы кезең-кезеңімен мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. 116 мектептің жобалары «Мемсараптама» РМК веб-порталына жүктелген.

Оқу-ағарту Вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, қазақстандық өндірушілерді қолдау және жергілікті кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнату арқылы ғана ұлттық жоба ел игілігі үшін жұмыс істеп, аймақтық экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.

«Ұлттық жобаның негізгі міндеттері, ең алдымен, қалалар мен болашағы бар елді мекендерде мектептердің уақтылы іске қосылуын қамтамасыз ету, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасау, білім беру қызметтерінің сапасын арттыру болып табылады», - деп атап өтті Оспан.

Естеріңізге сала кетейік, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Заманауи білім ошақтары, ең алдымен, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшылығы сияқты мәселелерді шешуге бағытталған. 2023-2024 жылдары ұлттық жоба аясында 208 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оқу орындарының басым бөлігі Астана, Алматы, Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында бой көтермек.

Төрағасының блогы