«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына қатысу үшін қазақстандық кәсіпорындарда отандық өнім мәртебесін растайтын «СТ-KZ» және/немесе индустриалды сертификат болуы тиіс.

Десе де бұл жеткіліксіз. Құрылыс материалдарын, жиһаз, инженерлік және технологиялық құрылғыларды шығарумен айналысатын қазақстандық кәсіпорындарға өз өнімдерін «ҚазҚСҒЗИ» АҚ құратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогына енгізу қажет. Тауарлардың тізімінде бағасы мен коды бірге көрсетіледі, алайда ол белгілі бір өндірушіге байланбайды. Аталған анықтама ай сайын жаңартылып, толықтырылып тұрады.

 «Бизнес өкілдеріне техникалық құжаттардың барлығын бағасы мен кодтарын көрсетіп, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ақпараттар базасына енгізу үшін тапсыру қажет (СҚҚҚ анықтамасы – автор ескертпесі). Егер отандық тауар өндіруші аталған базаға енгізілмесе, біз кәсіпорынмен жұмыс істей алмаймыз. Себебі, жобалық-сметалық құжаттада көрсетілетін материалдар, тауар мен құрылғылар осы тізімнен алынады», - деп түсіндірді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму бойынша орынбасары Амангелді Саттаров.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру процессіне отандық тауар өндірушілерді тарту мәселесі бір апта көлемінде «Атамекен» ҰКП алаңында талқыға салынды. 5 бірдей отырысқа оқу-ағарту министрлігі мен өзге де жауапты ведомстволар, тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және кәсіпкерлер палатасы, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «Мемсараптама» РМК басшылары, қазақстандық бизнес өкілдері қатысты. Атап айтқанда, бұл құрылыс материалдары, жиһаз, желдеткіш және жылыту қондырғылары, лифт, жарықтандыру техникасы, әлсіз тоқтарға арналған желілер, электроника және оқу орындарын салуға және жабдықтауға қажет басқа да тауарларды шығаратын өндіріс ошақтары.

Жиын барысында отандық кәсіпорын өкілдері өз тауарларын сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогына енгізе алмай жүргендерін айтты. Мәселен, лак-бояу материалдарын шығаратын алматылық өндіріс ошағы ақпараттық базаға кіргізбек болған 25 тауар аталымының тек 9-ы қабылданған. Мұндай проблемамен өзге де бизнесмендер соқтығысып отыр.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ өкілінің сөзінше, реестрге енбес бұрын әр тауар баға сараптамасынан өтеді. Талапқа сай келмейтін өнімдер каталогқа кіргізілмейді. Осыған байланысты Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірлердегі филиалдары аталған мәселені тауар өндірушілермен және «ҚазҚСҒЗИ» өкілдерімен бірлесе шешуге атсалысуы керек дейді.

 «Біз әр бизнесменнің қолынан жетектеп, лоббиге жол бере алмаймыз. Бұл – нарық, сондықтан кәсіпкерлердің өздері ұлттық жобаға қатысу бойынша ниет білдіруі тиіс. Өздеріңіз қызығушылық танытпасаңыздар, кәсіпорындарыңыз жайлы біз де біле алмаймыз»,- деп Samruk-Kazyna Construction басшысының орынбасары жиналыстардың бірінде атап өтті.

Өткен аптада оқу-ағарту министрлігі ұлттық кәсіпкерлер паталасына жайлы мектептерге арналған жиһаз бойынша нақтыланған техникалық сипаттаманы жіберген болатын. Құжат Атамекен және министрлік өкілдерімен бірлескен жиында егжей-тегжейлі қарастырылатын болады деп жоспарлануда.

Амангелді Саттаров отырыс барысында жайлы мектептердің құрылыс материалы, жиһазы, тауарлары мен құрылғыларын сатып алу барысында «Самұрық-Қазына» Қоры мен «Атамекен» ҰКП отандық тауар өндірушілер реестріне енгізілген отандық кәсіпорындарға басымдық берілетінін тағы бір мәрте атап өтті. Десе де басты назар өнімнің сапасына аударылмақ. Кепілдік мерзімі кемінде 3 жылды құрап, ел аумағында сервистік қызмет көрсету және мектеп персоналын оқыту мүмкіндігі болуы тиіс. Сондай-ақ, тауарды қолдану барысы бойынша шағым-талап, яғни оң немесе теріс ескертулерге де мән берген маңызды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы қолжетімді. Бұл жобалау барысында ЖСҚ-дан импорттық тауарларды алып тастап, оның орнына қазақстандық баламасын енгізуге мүмкіндік береді.

Сондықтан, ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнесмендерге жақын арада Атамекеннің өңірлік филиалдарына кәсіпорындардың қуаттылығы мен ағымдағы тапсырыстардың көлеміне байланысты қауқарлығы бойынша толық ақпаратты беруді сұрады. Бұл отандық тауар өндірушілер ұлттық жобаны қазақстандық тауармен қамтамасыз ете ала ма деген сұраққа жауап болмақ, қажет болған жағдайда тапсырысты бірнеше кәсіпорынға бөліп беру мүмкіндігі қарастырылады.

«Отандық тауар өндірушілер шынайы ақпаратмен бөлісуі тиіс. Егер үлкен көлемдегі тапсырысты орындай алмайтын болсаңыздар, бірден айту қажет. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ақпараттық базасына өнімдеріңізді енгізу – өз қолдарыңызда. Алайда, қиындықтар туындап жатса, өңірлік кәсіпкерлер палатасына проблеманы жеткізу керек», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин.

 

Атап өту қажет, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының операторы болып табылатын Samruk-Kazyna Construction басшылығы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілетінін бірнеше мәрте айтқан болатын. Білім саласындағы ауқымды пилоттық жоба Ұлттық қор мен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Сондықтан, аталған қаражат бірінші кезекте қазақстандық кәсіпорындарды тапсырыспен қамтамасыз ету арқылы ел экономикасына жұмыс істеуі керек деп санайды компания.

 

 

Төрағасының блогы