Желтоқсанның 1-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов өңірге жұмыс сапарымен аттанды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жайлы мектептердің құрылыс барысына арналған жиынға  облыс әкімінің орынбасарлары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ақмола облысында ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдар аралығында 18 білім ұясын салу көзделген. Жоспар бойынша олардың тек жартысы келесі жылдың соңына дейін қолданысқа тапсырылмақ. Болашақ оқу орындарының жер учаскелері дайын, құрылысқа әзірлік жұмыстары да толығымен аяқталған. Кең көлемді құрылыс жұмыстарына мердігерлер жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік экспертизадан өткен соң кіріседі. Қазір Үкіметтің жаңартылған қаулысында жобалау тапсырмасына енгізілген өзгерістерге сай ЖСҚ толықтырылуда. Сондай-ақ, сметалық есептемеге сай оптимизациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, жайлы мектеп қабаттарының және жертөлелерінің биіктігі, қасбетіне арналған материалдар қайта қарастырылған болатын. Дайын ЖСҚ «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жобалаушыларының жіті тексерісінен өткен соң, «Мемсараптама» РММ электрондық порталына жүктеледі. Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов бастысы – құрылыс жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік беретін сапалы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет екенін атап өтті.

Отырыс барысында инженерлік коммуникацияны тарту, суағарлар, септик пен су ұңғымаларын жасау мәселесі де көтерілді. Әрі резервуарлардың көлемін де қажеттілікке байланысты анықтау қажет. Жергілікті атқарушы орган өкілдері аталған сұрақтарды қарастырып, бірнеше шешу жолын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдеріне талқылауға жолдайтындарын айтты. Кейін шаруаны жүргізу үшін қаражат көзі анықталатын болады. Сөз соңында Марат Ахметжанов әкімдік тарапынан ұлттық жобаны жүзеге асыруға қажет қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Төрағасының блогы