Сапалы білім беруге қажетті барлық жағдайлары жасалған лайықты орта білім ошақтарын салу – «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының басты мақсаты.

2023 жылғы 12 қаңтарда ҚР Үкіметінің «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы қаулысы күшіне енгеннен кейін қайта қолдануға болатын 35 үлгілік жобаны әзірлеуге конкурс жарияланды. Алайда, «Атамекен» ҰКП және Премьер-Министрдің жауапты орынбасарының бастамасы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін конкурсты қор порталында электрондық форматта өткізу жүктелді. Бұл ретте электронды платформаны пысықтауға 5-6 ай қажет болды.

Нәтижесінде ЕРС-шарт тәжірибесін енгізу туралы шешім қабылданды. Ұлттық жоба шеңберінде мектептерді жобалау, салу және жабдықтау жұмыстарының бәрі консорциумдарға (жобалаушы және құрылыс компанияларының бірлестігі – авт.) жүктелді. Олар нысандарды дайын күйде тапсыруға тиіс. Алайда, мектептердің сметалық құнын жасанды түрде қасақана қымбаттату арқылы ұлттық жобадан барынша мол пайда табуға талпыныс жасап жатқандар аз емес. Өйткені, жобалаушы ұйымдар консорциум көшбасшыларына, яғни құрылыс компанияларына қаржылық тұрғыда тәуелді болып шықты. Мердігердің қысымы мен жобалау сапасының төмендігі мектеп құнын негізсіз қымбаттауының басты себептері. Бұл Президенттің бастамасын сапалы және уақтылы жүзеге асыруға кедергі келтіруде.

Бүгінгі таңда Samruk-Kazyna Construction Тапсырыс беруші ретінде мектептердің жобаларын оңтайландырып, нормативтерге сәйкестендіріп жатыр. Алайда, өңірлерде мұны негізсіз қысқарту деп қабылдап, консорциумдар болашақ жайлы мектептердің сметалық құнын төмендетуден бас тартуда. Ел бойынша көптеген компаниялар осындай ұстанымда. Мысалы, Қызылорда облысының Жаңарық ауылындағы 300 орындық мектеп 4,1 млрд теңгеге жобаланған, алайда оның ірілендірілген құрылыс нормативтері бойынша құны 3,7 млрд теңгеден аспауы тиіс. Соған қарамастан, мердігер мұндай сомаға келіспей жатыр. Қызылорданың сол жағалауындағы 900 орындық мектептің ІҚН бойынша құны 6,6 млрд теңгеден аспауы тиіс, алайда сметада 1 млрд теңгеге артық қаражат салынған. Осыған ұқсас мысалдарды барлық аймақтарда келтіруге болады.

Құрылыс және жобалау компанияларының заңсыз әрекеттеріне бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көз жеткізді. Ол елордаға өзекті проблемалық мәселелерді талқылау үшін арнайы келді. Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетовтың төрағалығымен өткен жиынға облыстағы мердігер ұйымдардың басшылары да қатысты.

Белгілі болғандай, олар өңір әкіміне ұлттық жоба операторы мектептердің сметалық құнын негізсіз кесіп тастады деген шағыммен жүгінген. Тек Samruk-Kazyna Construction өкілдері мұндай тұжырыммен үзілді-кесілді келіспейді.

«Жобалық-сметалық құжаттаманы тексеру кезінде біз сметаларды 1,3–2 есе қымбаттату фактілерін анықтадық. Біз мектептердің сметалық құнын негізсіз қысқартып жатқан жоқпыз, оңтайландыруды жүзеге асырып жатырмыз, яғни жобаларды нормативтік бағаларға сәйкестендірудеміз. Біз қасақана қымбаттатуға жол бермейміз. Үнемделген қаражат бюджетке қайтарылады», - деп түсіндірді Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов.

ЖСҚ-ны тексеру барысында тапсырыс беруші өрескел қателіктер мен жобалау ұйымдары тарапынан шығындарды жасанды түрде арттыру әрекеттерін анықтады. Мәселен, көптеген жобаларда материалдардың өлшем бірліктері метрдің орнына километр, ал килограмның орнына тонна деп көрсетілген. Сонымен қатар, бояу коэффициенттерін негізсіз қолдану, позициялардағы материалдарды екі рет көрсету және басқа да бұзушылықтардың жолы кесілді.

«Мысалы, бір мектептің жергілікті сметасында кабельдің ұзындығы 328 метрдің орнына 328 км деп көрсетілген. Осылайша, жоба 61,5 млн теңгеге қымбаттаған. Тағы бір жобада 422 кг орнына 422 тонна деп жазылыпты, осылайша мектептің құны бірден 274,1 млн теңгеге қымбаттап шыға келді», - деп мысалдар келтірді Айманбетов.

Оның айтуынша, мұндай бұзушылықтар мемлекеттік сараптама порталына жүктемес бұрын ЖСҚ тексеру барысында анықталады. Алайда, мұнда да кей жобалаушы компаниялар қулыққа басуда: нысанның жоғары құнын сақтап қалу мақсатында кесілген шығындардың сомасын жобаның басқа бөлімдеріне қайта салған. Көптеген компаниялар уақыт созып, жобалық-сметалық құжаттаманы тапсырыс берушіге соңғы күні тапсырады. Осылайша, смета мен архитектуралық бөлім асығыс, тексерусіз бектіледі деп үміттенеді. Алайда, Басқарма Төрағасының айтуынша, Samruk-Kazyna Construction да, «Мемсараптама» РМК да бұған жол бермейді.

«Белгілі болғандай, мұндай теріс қылықтар республикалық ауқымға ие. Барлығы осылай жұмыс істеуге дағдыланып қалған. Бірақ, біз мұны мемлекетті алдау және бюджет қаражатын ұрлау әрекеті деп есептейміз. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызды жоба. Мектептердің сметалық құны нормативтерге сәйкес болуы тиіс, әйтпесе жоба мемлекеттік сараптамадан өтпейді», - деп ескертті Басқарма Төрағасы.

Samruk-Kazyna Construction компаниясы мерзімдерді ұзарту және сапаны жоғалту тәжірибесін тоқтатуға ниетті, сондықтан мектептердің сапалы құрылысын қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірлеуге қосымша ай жұмсауға да дайын.

«Осыдан кейін әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың неге жиі сәтсіздікке ұшырайтыны және сапасыз іске асырылатыны белгілі болды. Бәріне ЖСҚ-ны сапасыз әзірлеу, жобалау мен құрылыстағы олқылықтар, бағаны негізсіз қымбаттату, шығындарды көбейту және пайда табу үшін арзан материалдарды сатып алу сияқты құйтырқы әрекеттер себеп. Мұндай тәжірибенің кең қанат жайғаны өкінішті және біз бұған тоқтау қоюға ниеттіміз», - деді Айманбетов.

Жиын барысында Қызылорда облысының әкіміне консорциумдардың заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін нақты мысалдар келтірілді. Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің мердігерлерін адал жұмыс істеуге не жобадан өз еркімен бас тартуға шақырды.

 Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және бүкіл ел бойынша оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталғанын атап өтті. Қызылорда облысында 21 жоба іске асырылуда. Биыл 10 мектептің құрылысы басталды:

Қызылорда қаласында – 5;

Жаңақорған ауданында – 2;

Қазалы ауданында – 1;

Арал ауданында – 2.

Жиын барысында Қызылорда облысы бойынша жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Оған өңір әкімінің орынбасары басшылық етіп, барлық мүдделі тараптардың өкілдері, атап айтқанда Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының орынбасары және өңірлік өкілі, жобалардың басшылары, ұлттық жобаны іске асыру департаментінің директоры және өңірдің құрылыс басқармасының басшысы кіреді. Комиссия әрбір жоба бойынша барлық проблемалық мәселелерді жеке-жеке талқылап, жедел шешімін табу мақсатында күн сайын жиналыстар өткізетін болады.

Samruk-Kazyna Construction басшылығының сөзінше, заңнама мен нормативтер шеңберінде жұмыс істейтін жайлы мектептердің бірде-бір мердігері «минуста» қалмайды, яғни шығынға батпайды. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын мүмкіндігінше тез алып, толық көлемде құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісу үшін барлық бұзушылықтар мен кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажет.

Төрағасының блогы