Ақпанның 8-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Маңғыстау облысының әкімімен кездесті. Мәулен Айманбетов пен Нұрлан Ноғаев 13 жайлы мектептің құрылысы бойынша өзекті сұрақтарды талқылап, ұлттық жобаның екінші кезеңіне жоспарланған 8 оқу орнына жер телімін бөлу мәселесін қарастырды.

Биыл Білім күнінде Маңғыстау облысында 7 жайлы мектеп өз есігін айқара ашпақ. Заманауи форматтағы тағы 6 оқу ошағын 2024 жылдың соңына дейін қолданысқа тапсыру жоспарланған. Ұлттық жобаның бірінші кезеңі өңірде бір кезекте 12,6 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жиында Мәулен Айманбетов басшылық ететін Samruk-Kazyna Construction өкілдері, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен консорциум жетекшілері диалог құрып, 13 жайлы мектептің іске асырылу барысын егжей-тегжейлі қарастырды. Мердігерлердің тапсырыс берушіге де, жергілікті атқарушы органдарға да қояр сауалы жоқ: сызбалар алынған, мемлекеттік сараптамадан өтудің кестесі бар, жұмыс жоспары құрылған. Қарқынды шаруадан тек екі компания қалыс қалуда:  «СК-А-Строймонтаж» ЖШС мен и «Альянс LTD» ЖШС. Оған жобалаушы ұйыммен туындаған сұрақ пен учаскедегі топырақты ауыстыру мәселелері себеп. Проблемалар шешімін тапқандықтан, Мәулен Айманбетов жұмысты күшейту қажеттігін ескертті.

Өзекті мәселелерді талқылау барысында Ақтау қаласында 1500 орындық мектепті салуға жауапты мердігер ұйымның жетекшісінен қасбет материалын ауыстыру бойынша ұсыныс түсті. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қасбетті ағылай тасымен қаптау жайында шешім қабылданған еді. Алайда, «Ондасын строй» ЖШС бас директоры оны HPL панельге ауыстыруды ұсынды. Бастама аймақ басшысы тарапынан да қолдау тапты. Нұрлан Ноғаев қос материалдың арасындағы баға айырмашылығын есептеп беруді тапсырды. Ақпаратты Мәулен Айманбетов ақпанның 12-сі ұсынып, мәселе тағы бір мәрте қаралмақ.

«Жайлы мектептерге инженерлік желілерді тарту турасында мәселе туындамайды»,-деді Нұрлан Ноғаев. Осы және 2024-2025 жылдары жүзеге асырылатын 8 мектепке жер телімін бөлу бойынша сұрақты өңір жетекшісі өзінің жеке бақылауына алған.

Samruk-Kazyna Construction басшысы учаскелердің аумағы үлкен әрі төрт жағынан жол салу мүмкіндігі қарастырылуы тиіс екеніне назар аудартты. Бұл болашақ жайлы мектептерге қойылатын басты талаптардың бірі. Критерийлерге 3 жер телімі сәйкес келмейді. Шетпе ауылындағы 300 орынға арналған мектептің құрылысын басқа жерге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ал Жаңаөзен қаласындағы екі оқу ошағының жайы басқаша шешілмек. «Кендірлі» ықшам ауданындағы мектептің қуаттылығын 1200-ден 1500-ге дейін арттырып, «Шаңырақ» ықшам ауданындағы оқушы санын 1200-ден 900-ге дейін қысқарту ұсынылды.

Samruk-Kazyna Construction өкілдері мен Маңғыстау облысының әкімі апта сайын онлайн форматтағы жиналыстар өткізіп, құрылыс алаңдарын бірге аралауға келісті. Бұл туындаған проблемаларды бірден қарастырып, уақытылы шешуге сеп болмақ.

 

 

 

 

Төрағасының блогы