Ақпанның 8-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов департамент директорлары мен қызмет жетекшілерінің ай сайынғы есебімен танысуға кірісті. Алғашқылардың бірі болып атқарылған шаруа мен алдағы жоспарлар жайын инвестициялық жобалар департаментінің директоры Дамир Малдыбаев баяндады.

Естеріңізге сала кетейік, Samruk-Kazyna Construction 3 бағыт бойынша инвестиция құяды:

  • еліміздің мегаполистері мен өңірлерінде тұрғын үй кешендерінің құрылысы;
  • реновация бағдарламасы. Яғни ескі және апатты үйлерді бұзып, орнына заманауи тұрғын үй кешендерін салу;
  • импортты алмастыру мақсатында зауыттардың құрылысы. Дәлірек айтқанда, Қазақстанда өндірілмейтін құрылыс материалдарын немесе қондырғыларды шығаратын кәсіпорындарға инвестиция құю.

Ол үшін департамент мамандары жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан құрылысшылар одағымен қоян-қолтық жұмыс істеп, Қоғаммен әріптестіктің тиімділігі жайында түсіндірме шараларын жүргізеді.

Бүгінде инвестиция құю бойынша екі әлеуетті жоба бар. Жұмыс процестерін оңтайландыру мақсатында Дамир Малдыбаев төлемдерді қабылдау, сыйақы тағайындау, резерв құру сынды процедураларды цифровизациялау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, серіктестермен әріптестік бойынша шарттарға бірнеше өзгеріс енгізбек. «Дәлірек айтқанда, төлемді уақытылы жүргізбейтін мердігерлерге бір жыл көлемінде инвестиция құймау қажет»,- дейді департамент директоры. Мұндай жаңашылдық Қоғам қаражатының сақталуының кепілдігі рөлін атқармақ.

Samruk-Kazyna Construction басшысы бастамаларды қолдап, бірқатар тапсырма жүктеді. Мәулен Айманбетов департамент директорының назарын Қазақстандағы өткір тұрған баспана мәселесіне аударды. Қоғам аталған проблеманы шешуге атсалысуы тиіс. Компанияда мұндай тәжірибе баршылық. Сондықтан, «Нұрлы жер» бағдарламасын негізге алып, тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жаңа әлеуметтік бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеу керек. Шаршы метрлер әр қазақстандық үшін қолжетімді болуы қажет.

Сондай-ақ, Басқарма Төрағасы инвестициялық жобалар бойынша серіктестердің қатарын кеңейту керектігін атап өтті. Бұл мақсатқа Samruk-Kazyna Construction жыл сайын шамамен 20 млрд теңге бағыттайды. Жеке жобалар бойынша инвестиция сомасы оның құнына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Төрағасының блогы