Бір жыл ішінде проблемалық жалға алушылардың саны 971-ден 355-ке дейін төмендеді. Осының арқасында жалдаушылардың Samruk-Kazyna Construction алдындағы мерзімі өткен берешек сомасы 823 млн теңгеге азайып, 914 млн теңгені құрады. Бұл туралы жалдау төлемдерін бақылау департаментінің директоры Бейбіт Есім Басқарма Төрағасына берген жылдық есебінде мәлімдеді.

«2023 жылы дебиторлық берешек 47% төмендеді. Жалға алушыларға 3,5 мыңнан астам хабарлама жіберілді. Проблемалық жалға алушылармен қайта құрылымдау бойынша 392 қосымша келісімге және 15 медиативтік келісімге қол қойылды. Баспананы мерзімінен бұрын толық сатып алған жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша ішкі нормативтік құжат әзірленді», - деп баяндады департамент басшысы.

     Ұсынылған деректерге сәйкес, қолданыстағы жалдау шарттарының саны 7555. Оның ішінде:

  • дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша - 886 жалға алушы;
  • «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 6554 жалға алушы;
  • сенімгерлік басқарудағы тұрғын үй кешендері бойынша – 115 жалға алушы.

     2023 жылы 709 жалға алушы пәтерлерін мерзімінен бұрын сатып алды. Міндеттемелерін орындамаған 171 жалға алушымен шарт бұзылды, ал 355 проблемалы жалға алушының деректері қарызды өндіріп алу және шартты бұзу үшін құқықтық қолдау департаментіне жіберілді.

     Сондай-ақ, жалдау төлемдерінің есебін жүргізу жүйесі пысықталды, жалға алушылардың жеке кабинеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жалдау ақысын төлеу процесі жеңілдетілді. Басқарма Төрағасының тікелей тапсырмасы бойынша елдегі ең танымал банктердің бірімен шарт жасалды. Бүгінгі таңда төлемдер Kaspi.kz.  мобильді қосымша арқылы да қабылданады. Екі аптадан аз уақыт ішінде 82 млн теңгеден астам сомаға 611 төлем түсіп үлгерген. Жалға алушылар жылдам әрі ыңғайлы төлем жасау мүмкіндігі үшін Samruk-Kazyna Construction компаниясына алғыс білдіруде.

     Департамент басшысының есебін тыңдап болған соң Мәулен Айманбетов дебиторлық берешекті азайту бойынша жұмысты күшейтуді, жалға алушылардың өтініштеріне уақтылы жауап беруді және олармен жүйелі кері байланыс орнатуды тапсырды. Барлық процестерді цифрландыру мен автоматтандыру процессін де жеделдету қажет.

     Жалпы, Айманбетовтың атқарылған жұмыстарға көңілі толды. Басқарма Төрағасы  департамент директоры мен оның командасына алғысын білдірді. Ол жоғары нәтижелі жұмысты одан әрі жалғастыруды жүктеді.

     Естеріңізге сала кетейік, Samruk-Kazyna Construction халықты қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаның операторы болды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында компания Астана және Алматы қалаларында 4,5 мыңнан астам пәтерді пайдалануға берді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасының «сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша еліміздің 12 өңірінде 10 мыңнан астам пәтер берілді.

     10 ақпан сенбі күні Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы өңірлер бойынша жұмыс сапарын бастады.

     11-12 ақпанда Мәулен Айманбетов Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру барысымен танысады, сондай-ақ осы өңірлердің әкімдерімен жеке кездесу өткізіп, барлық проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылауға ниетті.

     Бұған дейін Samruk-Kazyna Construction басшысы Ақтөбе, Түркістан, Қостанай және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен кездескен еді. Келесі аптада Айманбетов тағы 11 өңірдің басшыларымен жиналыс өткізуді жоспарлап отыр:

  • 12 ақпанда Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының әкімдерімен;
  • 13 ақпанда Павлодар және Абай облыстарының басшыларымен;
  • 14 ақпанда ШҚО әкімімен;
  • 15 ақпанда Алматы қаласы және Алматы облысының басшыларымен;
  • 16 ақпанда Жамбыл облысы және Шымкент қаласының әкімдерімен;
  • 17-18 ақпанда Атырау және Қызылорда облыстарының әкімдерімен.
Төрағасының блогы