Ақмола облысы бойынша өткен отырыстан кейін Мәулен Айманбетов «Семей Құрылыс Материалдары» ЖШС өкілдерін қабылдады. Компания отандық тауар өндіруші болып табылады және құрылыс, қасбетті қаптау материалдары және шатыр жабындыларын шығарады.

Келіссөз барысында «Семей Құрылыс Материалдары» ЖШС басшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Олар нысандардың құрылысында «хризотилцементі» деп аталатын әмбебап материалды қолдануды ұсынады. Оны қабырғалардың сыртын қаптауда, сондай-ақ шатыр жабу материалы ретінде қолдануға болады. Оның басты ерекшелігі – жылдың кез келген уақытында, тіпті -30 С аязда орнатыла береді.

«Семей Құрылыс Материалдары» ЖШС-де өндіріс көлемі 34 мың тонна, ал айналымы 8,9 млн $ болатын Семей қаласында зауыт жұмыс істейді. Компания сонымен қатар көптеген қазақстандық және шетелдік өндірушілермен және жеткізушілермен әріптестік орнатқан. Қуаттылығы айына 200 мың тоннаға жететін хризотилцемент өндірісін іске қосу алдағы бірнеше ай ішінде жоспарланып отыр.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшысы серіктестік басшылығына берген ақпараты және қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу үшін отандық тауар өндірушілер техникалық құжаттардың барлығын бағасы мен кодтарын көрсетіп, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ақпараттар базасына енгізу үшін тапсыру қажет. Егер отандық тауар өндіруші аталған базаға енгізілмесе, бұл кәсіпорын тапсырыс ала алмайды. Себебі, жобалық-сметалық құжаттада көрсетілетін материалдар, тауар мен құрылғылар осы тізімнен алынады, сондықтан өнімдерді базаға енгізу процесін қазірден бастау қажет.

Естеріңізге сала кетейік, жайлы мектептердің құрылысында отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында қазақстандық материалдар пайдаланылады. Samruk-Kazyna Construction көп мөлшерде және қысқа мерзімде жаңа, заманауи технологиялар бойынша сапалы құрылыс, шатыр және қаптау материалдарын шығаратын отандық кәсіпорындардың өкілдерімен белсенді кездесіп, келіссөздер жүргізуде.

Төрағасының блогы