16 ақпанда таңғы сағат 5:30-да Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен бетпе-бет кездесу үшін Таразға келуі тиіс болатын. Алайда, ол ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшып келе алмады. Сондықтан, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс отырысына Мәулен Айманбетов онлайн режимде қатысты.

     Ұлттық жоба аясында облыста барлығы 12 мектептің құрылысы жоспарланған, оның 7 ағымдағы жылы тапсырылатын болады. 5 мектепті 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

     Басқарма Төрағасымен және өңір әкімімен өткен жиынға барлық облыстық басқармалардың басшылары, Samruk-Kazyna Construction орталық аппараты, Меркі, Байзақ, Қордай, Шу және Жамбыл аудандарының әкімдері, сондай-ақ мердігерлік және жобалау ұйымдарының өкілдері қатысты.

     Әр мектеп бойынша жағдай жеке-жеке қаралды. Мысалы, Қарасу ауылында жайлы мектеп салып жатқан «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жұмысының қарқыны көңіл көншітпейді. Оның үстіне, компанияның қаржылық жағдайы тұрақсыз. Сондықтан бүгінде шартты біржақты тәртіппен бұзу және құрылысты неғұрлым жауапты мердігерге беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

     Басқа нысандарда күрделі проблемалар жоқ, барлық мәселелерді жұмыс тәртібімен шешуге болады. Бүгінгі таңда, Айманбетовтың айтуынша, Samruk-Kazyna Construction тарапынан барлық сызбалар берілді, мердігерлер 2024 жылға аванстық төлемдер алды, жобалар кезең-кезеңімен мемлекеттік сараптамадан өтуде. 6 мектепті оқу жылы басталғанға дейін тапсыру жоспарланған.

     Алайда, егер инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым білім беру объектілеріне уақытында тартылмаса, мектептерді уақытылы тапсыру мүмкін емес. Бұл сұрақта, облыс әкімі мен құрылыс басқармасының басшысы сендіргендей, ешқандай проблема болмайды. Жергілікті атқарушы органдар барлық жұмыстарды шілде айының соңына дейін аяқтауға уәде береді. Сондай-ақ, 2025 жылы мектептер салу және тапсыру жоспарланған жер учаскелері бойынша мемлекеттік актіні алу және құқық белгілейтін құжаттарды беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

     Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен хаттама жасалды, онда жұмыстар мен тапсырмаларды орындау бойынша барлық мерзімдер жазылған. ЖАО өз тарапынан барлық мәселелерді жедел шешуге ниетті. Мәулен Айманбетов Ербол Қарашөкеевке және оның командасына ауқымды ұлттық жобаны іске асыру барысындағы жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

Төрағасының блогы